ЖАС МАМАНДАРДЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ ТЫҢДАЛДЫ
Ақтөбенің Қарғалы ауданында білім саласындағы жас мамандарды қолдау мен олардың бастамаларын дамытуға бағытталған маңызды кездесу өтті. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Гүлнар Байменшина жас педагогтармен арнайы басқосу ұйымдастырып, алдағы жылға жоспарланған жұмыстарды талқылады.
Кездесу барысында кәсіподақ ұйымының жастарға көрсетілетін қолдау бағыттары, семинарлар, әлеуметтік қолдау шаралары және жас мамандардың құқықтары туралы айтылды. Гүлнар Байменшина жас педагогтардың білім саласын дамытудағы рөлін ерекше атап өтіп, олардың идеялары мен ұсыныстары кәсіподақ жұмысының маңызды бөлігі екенін жеткізді.
Жас ұстаздар өз тарапынан кәсіподақтың жас мамандарға көрсетіп отырған қамқорлығына ризашылық білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Олар заманауи оқыту әдістерін енгізу, тәжірибе алмасу алаңдарын көбейту және жас мұғалімдер үшін қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Басқосу соңында Гүлнар Байменшина алдағы уақытта да жас педагогтарды қолдау бағытындағы іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатынын айтты.