ҰСТАЗ – ҰЛАҒАТ ПЕН ПАРАСАТТЫҢ СИМВОЛЫ
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік қасиеттерге баулу, талғалық дамуына бағыт-бағдар беру жолында ұстаздың орны ерекше. Сондықтан да мұғалім әрдайым құрметке лайық қасиетті тұлға болып саналады. Осы абыройлы жолда табанды еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаздардың бірі - Ляззат Жолдыбаева. Казіргі уақытта - Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясында қызмет атқарып, 31 жыл бойы жас ұрпаққа сапалы білім мен тәлімді тәрбие беріп келе жатқан тәжірибелі педагог.
Лязат Меңғалиқызы – бастауыш сынып мұғалімі ретінде көп жылдық еңбек өтілі бар, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, танымдық белсенділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың үлгісін көрсетіп жүрген білікті ұстаз.
Ол ұжым арасында да беделді әріптес, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқарып келе жатыр. Ұжымды біріктіру, өзара құрмет пен қолдау атмосферасын қалыптастыру, көмек қолын созу арқасында ұжым ішінде тұтастық бірлік орнаған. Түрлі мәдени - спорттық іс-шаралар ұйымдастыру, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету сияқты көптеген игілікті бастамалар оның белсенді ат салысуымен жүзеге асырылып келеді.
Кәсіподақ қозғалысын дамыту жолындағы табанды еңбегі ескеріліп, «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталды.
Марапатыңыз құтты болсын! Еңбегіңіздің жемісі артып, шығармашылық табыстарға жете беріңіз!
Жетісу облыстық кәсіподағы, Талдықорған қалалық филиалы