ХРОМТАУДА СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ
Ақтөбеде Хромтау ауданының білім беру ұйымдарындағы бастауыш кәсіподақ төрағаларының қатысуымен семинар-кеңес ұйымдастырылды. Жиынның негізгі мақсаты – кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру, тәжірибе алмасу және қызметкерлердің құқықтарын қорғаудағы өзара ынтымақтастықты арттыру болды.
Іс-шара барысында қатысушылар қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек жағдайларындағы туындауы мүмкін мәселелерді дер кезінде анықтау және оларға қолдау көрсету механизмдерін талқылады. Сонымен қатар кәсіподақ ұйымдарының тиімді қызмет атқаруына әсер ететін өзекті бағыттар бойынша пікір алмасу жүргізілді.
Семинардың келесі бөлімі «Work&Fun talks: Кәсіподақ. Жастар. Болашақ» тақырыбына арналды. Бұл отырыста жас мамандарды кәсіподақ жұмысына белсенді тарту, олардың бастамаларын қолдау, жаңа форматтағы кездесулер мен пайдалы алаңдарды көбейту туралы бірқатар ұсыныстар айтылды. Жастардың кәсіподақ қызметіне қызығушылығын арттыру – ұйым жұмысының болашақтағы дамуы үшін маңызды бағыт екені атап өтілді.
Кездесу соңында аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлжан Ақанова мектептер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жүйелеу және ашық диалог алаңын одан әрі дамыту қажеттігін ерекше атап өтті.
Өткізілген семинар кәсіподақ ұйымдары арасындағы өзара байланыс пен тәжірибе алмасуды күшейткен тиімді әрі мазмұнды алаңға айналды.