ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Жамбыл облысы Сарысу аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күніне» орай дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – әйелдердің құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту, ана мен баланы қолдау, гендерлік теңдікті ілгерілету, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды талқылау болды.
«Алға басып, әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық-зомбылықты жоюға әрекет жаса!» тақырыбында өткен кездесу жаһандық «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» халықаралық науқаны аясында ұйымдастырылды.
Іс-шара БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Конвенциясы талаптарына сай өткізілді.
Дөңгелек үстел жұмысына Кәсіподақтың әйелдермен жұмыс жөніндегі комиссия мүшелері, аудандық ішкі саясат бөлімінің орталық директоры Самат Жанқожаев, аудандық полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция лейтенанты Алмас Бегалиев, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау» орталығының маманы Қанағат Баққұлиева, Балалар-жасөспірімдер орталығының педагог-психологы Мейрамкүл Ұзақова және Кәсіподақтың еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшесі Қымбат Аманбай қатысты.
Кездесу барысында «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылықты жою туралы» Халықаралық еңбек ұйымының №190 Конвенциясы жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы қиын жағдайларды дер кезінде анықтау, зардап шеккендерге қолдау көрсету және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыға салынды. Іс-шарада еңбек саласында әйелдердің құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және кәсіби табыстылығын дамыту бағытында ұсыныстар айтылды.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар қоғамдағы гендерлік теңдікті нығайту және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
Жергілікті кәсіподақтың Сарысу аудандық комитеті
-
Фото
-