ЖАС МАМАНДАРДЫ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚОЛДАУ
Жас маман – білім беру жүйесінің болашағын қалыптастыратын, жаңа серпін мен тың көзқарас алып келетін маңызды тұлға. Олардың кәсіби жолдағы алғашқы қадамдары тиімді қолдау мен дұрыс бағыт-бағдарға мұқтаж. Осы мақсатта Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымы Кентау қалалық кәсіподақ комитетіне қарасты Кентау оқушылар үйінде «Жас мамандарға әдістемелік көмек: сапалы білім беру жолындағы алғашқы қадамдар» атты мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға жас педагогтар, әдіскерлер және білім беру саласындағы мамандар қатысып, өзара тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Кездесудің басты мақсаты – инновациялық технологияларды қолдана отырып, мұғалімдердің әдістемелік жұмысын жандандыру және бәсекеге қабілетті, заманауи талаптарға сай жас маман даярлау. Бүгінгі күннің сұранысына жауап бере алатын мұғалім – теориялық білімі терең, практикалық дағдысы мықты, жаңашылдыққа ашық тұлға болуы тиіс. Осы бағытта жас педагогтарға көрсетілетін әдістемелік және кәсіби қолдаудың маңызы зор екені атап өтілді.
Кездесу барысында бөлім әдіскерлері мен жас мұғалімдер өз сабақтарында қолданып жүрген инновациялық әдіс-тәсілдерін таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Олар оқу үдерісін тиімді ұйымдастырудың жаңа жолдарын ұсынып, сабақ сапасын арттыруға бағытталған тың идеяларымен ортаға шықты. Әріптестер арасындағы мұндай шынайы тәжірибе алмасу жас мамандардың кәсіби дамуына ерекше серпін берді.
Іс-шара соңында қатысушылар мұндай кездесулердің жас педагогтарды қолдаудағы рөлі жоғары екенін атап өтті. Тәжірибе алмасу әрі кәсіби дамуға арналған мұндай алаңдар алдағы уақытта да жалғасатыны айтылып, жас мамандардың біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетініне сенім білдірілді.