КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗДІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Айжарық Серімбетов пен Нұрлан Жетпісбай Ақтөбе қаласындағы “Қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация” мекемесінде және “Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация” мекемесінде, Ақтөбе қаласындағы №2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде болды.
Алдымен кәсіподақ өкілдері қоғамдық бақылау жүргізіп, қызметкерлердің еңбек жағдайлары мен құқықтарының сақталу деңгейіне назар аударды. Жұмыс орнындағы ахуал, әлеуметтік кепілдіктердің орындалуы және еңбек заңнамасының сақталуы жан-жақты қаралды.
Сонымен қатар, мекеме қызметкерлеріне құқықтық кеңес беріліп, олардың еңбек даулары, әлеуметтік қолдау және келісім комиссияларының қызметі жөніндегі сұрақтарына жауаптар ұсынылды. Келісім комиссиясының мүшелері үшін арнайы оқыту ұйымдастырылып, еңбек дауларын шешу тәртібі мен комиссияның міндеттері түсіндірілді.
Кездесу барысында кәсіподақ өкілдері ұжыммен еркін форматта пікір алмасып, кәсіподақ мүшелерін толғандырған мәселелерді талқылады. Қызметкерлер өз сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Айта кетейік, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы алдағы уақытта да сала қызметкерлерімен кездесулер өткізіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және әлеуметтік-еңбек жағдайларын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын болады.
-
Фото
-