ЦИФРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ТУРАЛЫ ОНЛАЙН-СЕССИЯ
Шығыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясы «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» халықаралық акциясы аясында онлайн-сессия өткізді. «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігу» атты өзекті ұранмен өткен іс-шара қатысушыларды сан қырлы мәселені талқылау алаңына шақырды.
Іс-шараның түпкі мақсаты – цифрлық зорлық-зомбылықтың әйелдер мен қыздар өміріне қара түнектей әсерін баяндау, осы құбылысқа қарсы тұрудың жолдарын іздестіру.
Сессия барысында цифрлық зорлық-зомбылықтың кибербуллинг, онлайн-харассмент, дипфейктер, келісімсіз интимдік бейнелерді тарату секілді түрлері жан-жақты талқыланды. Спикерлердің айтуынша, цифрлық зорлық-зомбылық құрбандары депрессия, үрей, ұят пен кінә сезімінен арыла алмай, жаны жаралы күй кешеді.
Қатысушылар жынысына және жасына қарамастан, әрбір пайдаланушы үшін қауіпсіз әрі құрметке толы цифрлық әлем қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалының аға оқытушысы Гүлфия Берекполоваға, ШҚО ББ өңірлік психологиялық қолдау және көмек орталығының педагог-психологы Валентина Москвинаға және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ШҚО бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушысы Гүлжан Құрманғалиеваға нақты өмірден алынған мысалдар мен тәжірибелері үшін алғыс білдіреміз. Келешекте ынтымақтастығымыз арта түседі деген сенімдеміз!
Жергілікті білім беру қызметкерлері кәсіподағының еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясы бұл бағыттағы жұмысын жалғастырып, осындай маңызды іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруды жоспарлап отыр.