ҚОБДА АУДАНЫНДА ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ МЕН БІЛІМ РӨЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ақтөбеде Қобда аудандық Еңбекші әйелдер комиссиясының ұйымдастыруымен «Зорлық – зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында “Әйелдердің білім арқылы гендерлік кедергілерді жеңуі” атты блиц-сессия өткізілді. Шараны ауданның Еңбекші әйелдер комиссиясының төрағасы Айнагүл Серікқызы ашып, қатысушыларға акцияның маңыздылығы мен сессияның мақсаты жөнінде ақпарат берді.
Блиц-сессияның басты мақсаты — әйелдер мен қыздардың білім арқылы өз әлеуетін ашуына және мүмкіндіктерін кеңейтуіне қолдау көрсету болып табылады. Сессия барысында қатысушылар білім алуда және кәсіби ортада кездесетін гендерлік тосқауылдар, стереотиптер мен теңсіздік көріністері туралы пікір алмасты. Сонымен қатар білім арқылы табысқа жеткен әйелдерге қатысты мысалдар қарастырылып, қатысушыларға мотивациялық кеңестер ұсынылды.
Шара екі бөлім бойынша жүргізілді. Алғашқы бөлім “Білім — Сіздің қаруыңыз” атты дөңгелек үстел форматында өтті. Мұнда білімнің адам өміріндегі шешуші рөлі, кәсіби және тұлғалық дамуға әсері, қоғамдағы өзгерістерге икемделу мүмкіндігі, ақпараттық сауаттылық пен жаңа дағдыларды меңгерудің маңызы талқыланды. Қатысушылар заманауи білім беру бағыттары мен оларды қолдану жолдары туралы өз ойларымен бөлісті.
Екінші бөлім “Отбасы — мейірім мекені” атты шеберлік сабағына арналды. Бұл бөлімде отбасының адам өміріндегі ерекше орны, отбасылық құндылықтарды сақтау, мейірім мен сыйластықты қалыптастыру мәселелері сөз болды. Ата-ана мен бала қарым-қатынасын нығайту, отбасы мәдениетін дамытуға бағытталған ұсыныстар берілді.
Өткізілген шара қатысушылардың әйелдердің құқықтары, мүмкіндіктері және отбасы құндылықтары жөніндегі түсінігін кеңейтіп, олардың білім мен тәрбие саласындағы рөлін нығайтуға ықпал етті.