ЖЕТІСУДА КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫ МҮШЕЛЕРІН ОҚЫТУ ЖАЛҒАСУДА
Еңбек дауларының алдын алу және ұжымдағы түсіністікті нығайту мақсатында Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы келісу комиссиясы мүшелеріне арналған оқыту жұмыстарын жүргізуде.
Аталған шара Кербұлақ ауданында жалғасын тауып, білім беру мекемелеріндегі келісу комиссиясының мүшелерін қамтыды. Семинарды Кербұлақ аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Жақан Дуанаев жүргізіп, кәсіподақ тарапынан ұйымдастырылған шараның мәні мен мағынасын ашып, мақсатын айқындап берді.
Семинар барысында облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов келісу комиссияларының рөлін күшейтудің маңызын атап өтіп, кәсіподақ тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Облыстық кәсіподақ ұйымының заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан еңбек дауларының түрлері, оларды шешу тәртібі, келіссөз жүргізудің тиімді әдістері және комиссия мүшелерінің міндеттері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелері тарапынан туындаған бірқатар сұрақтарға жауап беріп, кәсіподақ өкілдеріне жұмыс барысында туындайтын мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кербұлақ аудандық білім бөлімінің бас маманы Сабира Тоқсан шараға арнайы қатысып, келісу комиссиясының қоғамдағы рөлі мен маңыздылығын атап өтіп, кәсіподақтың бұл бастамасын қолдап, бюджет қаражатын үнемдеуге атсалысқанын айтып, алғысын білдірді.
Бұл семинар – аудандық деңгейдегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыруға, еңбек дауларын әділ әрі заңға сай шешуге бағытталған маңызды қадам болды.
Жетісу облыстық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-