ҮЗДІК ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГТАР МАРАПАТТАЛДЫ
Ақтөбенің Әйтеке би ауданында білім беру ұйымдарының әлеуметтік педагогтарының кәсіби шеберлігін арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында “Үздік әлеуметтік педагог – 2025” байқауының аудандық кезеңі өткізілді. Байқау әлеуметтік-педагогикалық жұмыстың маңызын айқындап, мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталды.
Іс-шара барысында қатысушылар әлеуметтік-педагогикалық ахуалды талдау, оқушылармен жұмыс жүргізудің тиімді әдістерін көрсету, инновациялық жобаларын таныстыру, сондай-ақ әртүрлі жағдаяттарды шебер шешу сияқты тапсырмалар арқылы өз біліктілігін дәлелдеді. Қазылар алқасы педагогтардың шығармашылығын, кәсіби шеберлігін және жұмыс тәсілдерінің тиімділігін саралап, үздіктерді анықтады.
Байқау қорытындысында I дәрежелі диплом Еңбекту жалпы орта білім беретін мектебінің әлеуметтік педагогы Жазира Тұғыроваға, II дәрежелі диплом Жабасақ жалпы орта білім беретін мектебінің әлеуметтік педагогы Сәулет Оразбайқызына, ал III дәрежелі диплом Комсомол жалпы орта білім беретін мектебінің әлеуметтік педагогы Қарлығаш Үксікбаеваға табысталды. Сонымен қатар, байқау жеңімпазы Тұғырова Жазира Абдоллақызы облыстық кезеңге жолдама алып, аудан намысын қорғайтын болды.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға аудандық кәсіподақ ұйымы атынан бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар тапсырылды. Бұл әлеуметтік педагогтардың еңбегіне көрсетілген құрмет пен олардың білім беру жүйесіне қосқан үлесіне берілген лайықты бағасы болды.
“Үздік әлеуметтік педагог – 2025” байқауы мамандардың кәсіби дамуына тың серпін беріп, тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды.