ЖЕТІСУДА МАҢЫЗДЫ СЕМИНАР МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігіне қарасты филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы келісу комиссиясы мүшелерінің біліктіліктері артты.
Шара Панфилов ауданында жалғасып, 350-ге жуық сала қызметкерлеріне «Еңбек даулары, олардың туындау себептері» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Семинарды Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков ашып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылықтарын арттыру үшін кездесулер, семинарлар тұрақты ұйымдастырылатынын айтып, маңызды шараның мақсатын айқындап берді.
Шара барысында облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов сөз алып, еңбек дауларын алдын алу, еңбек ұжымдарында әлеуметтік әріптестікті дамыту және келісім комиссияларының рөлі туралы кеңінен тоқталып, комиссия мүшелерінің кәсіби сауаттылығы мен заңнаманы жетік білуі маңызды екенін атап өтті.
Облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан баяндама жасап, ұжымдағы еңбек дауларының туындауы, олардың қаралу тәртібі мен шешу жолдарын таныстырып, еңбек заңнамасындағы өзгерістерді қарастырып, келісу комиссиясы мүшелерінің құқығы мен міндеттерін талқылап, құжаттарды рәсімдеу тәртібін көрсетіп берді.
Семинарға қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға кәсіподақ өкілдері тұщымды жауап беріп, алдағы жоспарларымен бөлісіп, сала қызметкерлерінің мүддесін қорғауда аянбай еңбек ететіндеріне сендірді.
Жетісу облыстық ұйымы
-
Фото
-