ЖАН-ЖАҚТЫ ҰСТАЗ
Ұстаз, ана және қоғамдағы әйел – әрқайсысы ерекше жауапкершілік пен парасаттылықты, еңбекқорлық пен ізгілік қасиетін талап ететін рөлдер. Ұстаз ретінде ол шәкірттеріне тек білім беріп қана қоймай, олардың бойына ізденімпаздық, парасаттылық және жауапкершілік сезімін сіңіреді. Ана ретінде отбасының тірегі болып, мейірімі мен сүйіспеншілігі арқылы болашақ ұрпаққа тәрбие мен құндылықтарды қалыптастырады. Қоғамдағы белсенді әйел ретінде ол өз іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті және үлгілі мінез-құлқымен қоршаған ортасына үлгі болып, білім мен мәдениеттің дамуына, жастардың тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосады.
Осы қасиеттердің бәрін үйлестіре білген үлгілі әйел және жан-жақты ұстаз Саданова Шохиста Рақымжанқызы. Ол Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымы Кентау қалалық кәсіподақ комитетіне қарасты Қарнақ жалпы білім беретін мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Өз ісіне адалдығы, іскерлігі мен ұқыптылығы арқылы әріптестеріне үлгі болып, мектептегі сапалы білім мен тәрбие жүйесін нығайтуға үлес қосуда. Ол әр шәкіртінің жетістігіне шын қуанып, олардың дамуына жан-жақты қолдау көрсетеді, бұл қасиеттері оны нағыз ұстаз ғана емес, мейірімді ана ретінде де ерекше етеді.
Шохиста Рақымжанқызы өз еңбегі мен кәсібилігі арқылы көптеген марапаттарға ие болды. 2025 жылы «Мектептен-мектепке» жобасы аясында өткен «Педагогтардың кәсіби дамуы – білім сапасының негізі», «Білім, бірлік, биікке ұмтылыс» атты семинарларға белсене қатысып, озық тәжірибелерін насихаттағаны үшін марапатталды.
Түркістан облысының білім басқармасы да оның білім саласындағы еңбегі мен шығармашылық ізденістерін жоғары бағалап, құрмет грамотасымен марапаттады. Бұл марапаттар оның ұстаздық қызметте ғана емес, қоғам мен отбасы алдындағы үлгілі рөлін көрсететін айқын дәлел.