БІЛІМ МЕН ПАРАСАТТЫ ҰШТАСТЫРҒАН ТҰЛҒА
Қоғам дамуының негізгі өзегі – әйел. Әйел тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ол – ұлттың рухани тірегі, өркениеттің қалыптасуына ықпал етуші, жас ұрпақтың саналы да сапалы болып қалыптасуына бағыт беруші тұлға. Бүгінгі таңда әйелдер әр салада көш бастап, өздерінің білім-парасатын, таланты мен табандылығын дәлелдеп келеді. Сол арқылы олар қоғамдағы теңгерімді, үйлесімді, ізгі құндылықтарға негізделген ортаны қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосуда.
Білім беру саласында да әйелдердің рөлі ерекше. Ұстаз – адамды тәрбиелейтін, болашақты жасайтын, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіретін ұлағатты мамандық иесі. Осындай маңызды міндетті абыроймен атқарып, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ардақты ұстаздарымыз – қоғамның нағыз жанашыры. Олар шәкірт жүрегіне жол тауып, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат тәрбиелеуді өмірлік мұраты санайды.
Осындай білікті педагогтардың бірі – құрметке лайық ұстаз Матмусаева Гулнора Абдуллақызы. Ол бүгінде Ақын-Тұма №11 жалпы білім беру мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқара отырып, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Еңбек өтілі — 23 жыл. Осы жылдар ішінде ол өзінің кәсіби шеберлігін, білімге деген ықыласы мен адалдығын дәлелдеп, мектеп ұжымының тірегіне айналған. Сабақ жүргізудегі әдістемелік шеберлігі, оқушыларға деген талапшылдығы мен мейірімділігі, әріптестеріне көрсеткен қолдауы оны ұжымның шынайы үлгісі етеді.
Гулнора Абдуллақызының білім беру саласына қосқан ерен еңбегі мен табанды қызметі қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі көптеген мақтау қағаздарымен марапатталған. Бұл марапаттар – оның қажырлы еңбегінің, кәсібіне деген сүйіспеншілігінің, жас ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігінің нақты айғағы.
Кентау қалалық кәсіподақ комитеті Гулнора Абдуллақызының еңбегін ерекше атап, алдағы уақытта да шығармашылық табыс, сый-құрметі арта беретін абыройлы жол тілейді. Ұлағатты ұстаздың еңбегі ешқашан еленбей қалмайды, ал оның шәкірттері – ертеңгі күннің жарқын болашағы.