МЕКТЕП ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУ
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Төлепбергенов, заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан және Талдықорған қалалық филиалының төрағасы Айым Ерікқызы Есжан Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектептің еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында кәсіподақ төрағасы Мэлс Құлмұханұлы кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, кәсіподақтың негізгі міндеттері мен қызметтік бағыттары, мүшелерге көрсетілетін қолдау түрлері кеңінен түсіндірілді.
Өз кезегінде Талдықорған қалалық филиалының төрағасы Айым Ерікқызы ұжым қызметкерлеріне көрсетіліп отырған материалдық көмек пен сауықтыру шаралары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бұл бағыттағы қолдау шараларының маңыздылығын атап өтіп, кәсіподақ мүшелерінің белсенділігін арттыру қажеттігін жеткізді.
Кездесу барысында облыстық ұйымның заңгер –кеңесшісі Әсет Қайырхан еңбек ұжымы тарапынан қойылған сұрақтарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы аясында нақты жауаптар беріп, құқықтық кеңес ұсынды. Қызметкерлерді толғандырған еңбек қатынастары, демалыс, әлеуметтік кепілдіктер мен құқықтық қорғалу мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиын соңында Есжан Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектептің директоры Ерлан Еркінбеков кәсіподақ ұйымының ұжыммен тығыз байланыста атқарып отырған жұмыстарына жоғары баға беріп, ұжым атынан алғыс білдірді. Кездесу екі тарап үшін де мазмұнды әрі пайдалы форматта өтті.
Жетісу облысы, Талдықорған қаласы
-
Фото
-