ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз — ел болашағын тәрбиелейтін, қоғамның берік тірегі. Оның еңбегі өлшеусіз, әрбір жасаған ісі келер ұрпаққа өнеге. Осындай өз ісіне адал, шәкірт жүрегіне жол таба білген білікті педагогтардың бірі — Айтілесова Рахима Оразалықызы.
Рахима Айтілесова Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Тәуіп ауылында дүниеге келген. Бала тәрбиесіне деген сүйіспеншілігі оны педагогика саласына жетелеп, 2008 жылы Ақтөбе гуманитарлық колледжін «Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу» мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын 2011 жылы Ырғыз ауданы Құтикөл ауылындағы «Айгөлек» бөбекжай-бақшасында тәрбиеші қызметінен бастаған ол бүгінде осы салада табанды еңбек етіп келеді. Жалпы педагогикалық еңбек өтілі — 15 жыл. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, үнемі ізденіс үстінде жүретін білікті маман педагог-модератор біліктілік санатына ие.
Рахима Айтілесованың еңбегі мен кәсіби шеберлігі жылдар бойы еленіп, түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, 2025 жылы «Мектепке дейінгі білім берудегі ұйымдастырылған іс-әрекетті өткізу жолдары» тақырыбындағы семинарда кәсіби тәжірибесімен бөліскені үшін Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ «Абай оқулары – 2025» байқауына тәрбиеленушілерін белсенді қатыстыру арқылы жас ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың мұрасын дәріптеуге зор үлес қосқаны үшін Алғыс хат пен Құрмет грамотасына ие болды. Сонымен қатар Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Менің үздік тобым» байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, ІІ дәрежелі диплом иеленді.
Айтілесова Рахима Оразалықызы — өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған, бала тәрбиесіне бар жан-тәнімен берілген, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген білікті ұстаз. Оның еңбегі әрдайым құрметке лайық.