ҮЗДІКТЕР ШЕРУІ – 2025
Кез келген қоғамның, еңбек ұжымының қозғаушы күші – жастар. Жастық күш-жігер мен қажыр-қайраттың алдында алынбас қамал, бағынбайтын биік жоқ.
Осы орайда Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті ұйымның жаңа күші – жас мамандардың әлеуетін қоғамдық бірлестік жұмысын жандандыруға ұтымды жұмылдырып келеді. Осы мақсатта құрылған «Жастар қанаты» білімді әрі белсенді жастарды бір ортаға біріктіріп, еңбек жолын енді бастаған мұғалімдердің талабы мен талантын шыңдауға жол ашты.
Жыл санап «Үздіктер шеруіне» шақырту алатындар санының артуы да осының айқын дәлелі.
Аудандық кәсіподақ ұйымы білім бөлімімен бірлесе ұйымдастырған «Үздіктер шеруі – 2025» іс-шарасы жас мамандарды қолдауға арналған тағылымды әрі мазмұнды басқосу болды. Форматы өзгеше, салтанаты жарасқан жиын ертеңге деген сенімді нығайтып, көңілге мол үміт ұялатты. Жыл бойы жемісті еңбек етіп, республикалық, облыстық және аудандық байқауларда топ жарған таңдаулы 12 жас маманның жетістігі көпшілікке таныстырылды. Қызыл кілеммен жүріп өткен талапты жастардың мерейі өсіп, абыройы асқақтады.
Іс-шараға аудан бойынша 32 жас маман және олардың бапкерлері, директорлардың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасарлары, кәсіподақ жетекшілері қатысты. Білім саласының ардагерлері Әнуарбек Тұрманбетов пен Мейрамкүл Нұрмағанбетова, сондай-ақ «Үздік педагогтар» - Мәулен Тобықов пен Айнұр Тәтибекова таңдаулы жастарға «Үздік» мүсін-белгісі мен сыйлықтар тапсырып, арнайы дипломдармен марапаттады. Үздік деп танылған 12 жас маман «Шабытты ұстаз», «Креатив мұғалім», «Жыл дебюті» номинацияларының иегері атанды.
– Бұл мен үшін таптырмас тәжірибе алаңы болды. Өзге де үздік атанған әріптестерімнің еңбегімен танысып, ой түйдім, өзіме жаңа мақсат қойдым. Ойын түрінде өткен сұрақ-жауап кезеңі бізден кейінгі буынға да өздерін көрсетуге мүмкіндік берді. Ардагер ұстаздардың ақыл-кеңесін тыңдап, ізгі тілектерін естідік. Ұрпақтар сабақтастығын сақтаған мұндай іс-шаралардың біз секілді жастарға берері мол. Ал есімім аталып, қызыл кілеммен жүрген сәт ерекше, ұмытылмас әсер сыйлады, – дейді Ақтоған орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Ақниет Қайырбек.
Іс-шара барысында «Біз кәсіподақпен біргеміз!» атты бейнеролик көрсетіліп, «Жастар қанаты» ұйымының төрағасы Дулат Құдыс аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шараларына тоқталып, жас мамандардың жетістіктерін атап өтті.
Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-