АУДАН ҰСТАЗДАРЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен, ұрпақ тәрбиесіне өмірін арнаған, биылғы оқу жылында құрметті демалысқа шыққан аудан ұстаздарына арналған «Адал азамат: еңбекпен өрілген ғұмыр» атты ұлықтау кеші өтті.
Кештің шырайын кіргізген аудан әкімінің орынбасары Е.Қорабаев, аудандық білім бөлімінің басшысы М.Мұратқызы және аудандық маслихат төрағасы Еркебұлан Серікұлы аталмыш шараның құрметті қонақтары болды.
Ұлағатты ұстаздар аудан әкімі мен мәслихат төрағасының атынан алғыс хаттарға ие болып, аудандық кәсіподақ ұйымының естелік сыйлықтарына кенелді.
Аудан әкімінің орынбасары Е.Қорабаев ұстаздарды құттықтай отырып, олардың білім беру саласына қосқан өлшеусіз үлесін айрықша атап өтті. Аудандық білім бөлімінің басшысы М.Мұратқызы да ұстаздарға ақ тілегін арнап, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.
Зейнеткерлікке шыққан ұстаздар да жақсы лебіздерін білдіріп, осындай құрмет көрсеткен ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. Ұстаздық – ең қиын әрі ең мәртебелі мамандық екенін, ұстаздар шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталатынын және бұл олар үшін үлкен бақыт екенін жеткізді.
Шара барысында әсем әндер мен күмбірлеген күйлер төгіліп, көңілді билер биленді. Кеш соңында ұстаздар естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Бұл шара білім беру саласының үздіксіздігі мен ұрпақтар сабақтастығын айшықтайтын маңызды оқиға болды. Ұстаздар қауымы бұл күнді мәңгі естерінде сақтайтыны анық.
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы
-
Фото
-