ҮШЖАҚТЫ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ
Шымкент қалалық Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағының қалалық ұйымының төрайымы Л. Тұрғынбаева әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысына қатысты. Комиссия жұмысы барысында ол қатысушылардың талқылауына бірқатар өзекті мәселелерді ұсынды.
1. Шымкент қаласының білім беру ұйымдарының оқу сыныптарында орнатылған бейнебақылаудың мұғалімдердің психоэмоциялық жағдайына кері әсері туралы педагогикалық қауымдастықтан Шымкент қалалық кәсіподағына келіп түскен көптеген өтініштер жөнінде. Атап айтқанда, оқу сыныптарындағы тұрақты бейнебақылау мұғалімдерде күйзеліс, мазасыздық пен кәсіби қажуды күшейтеді. Сабақ барысында үздіксіз визуалды бақылау педагогтың кәсіби дербестігін шектеп, оған деген сенімді әлсіретеді және адамның қадір-қасиетіне құрмет көрсету құқығын бұзады. Мұғалімдердің келісімінсіз және нақты нормативтік-құқықтық реттеусіз камераларды орнату мен пайдалану еңбек заңнамасында бекітілген еңбек құқықтарын және қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету талаптарын бұзу болып табылады.
2. Шымкент қаласының білім беру ұйымдарының «Темір» платформасында жұмыс істеу ерекшелігі туралы. Атап айтқанда, өндірістік қажеттілікке байланысты Шымкент қаласының білім беру ұйымдарындағы педагогтар арасында ең жоғары оқу жүктемесін бөлу мәселесі және педагогқа 1,5 ставкадан артық оқу жүктемесіне ие болуға мүмкіндік беретін құқықтық нормалар жөнінде.
3. Кәсіподақ пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті РММ арасындағы бірлескен жұмыс туралы. Атап айтқанда, egov платформасы арқылы жолданған білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбек құқықтарының бұзылуы жөніндегі өтініштерді Шымкент қалалық кәсіподақ ұйымының құқықтық қызметі арқылы аталған департаментке уақытылы әрі сапалы қарау мәселесі.
4. Кәсіподаққа қарасты бастауыш ұйымдардың қызметіне білім беру ұйымдары басшылары тарапынан араласу (Шымкент қаласының Білім басқармасына қарасты «Энергетика және байланыс колледжі» МКҚҚ мысалында).
Атап айтқанда, Шымкент қаласында бүгінгі күнге дейін білім беру ұйымдарының қызметкерлерін бір кәсіподақ ұйымынан екіншісіне әкімшілік ресурсты пайдалана отырып «ауыстыру» мәселесі сақталып отыр.
Сала қызметкерлерін кәсіподақтар арасында үнемі «ауыстыру» әлеуметтік әріптестікті нығайтуға, педагогтардың еңбек құқықтарын қорғауға және ұжымдардағы тұрақтылыққа ықпал етпейді, керісінше, қаладағы білім беру жүйесі қызметкерлері арасында әлеуметтік шиеленістің артуына әкеледі.
Шымкент қалалық кәсіподағы