КӘСІПОДАҚ КОМИТЕТІНІҢ ЕСЕП БЕРУ-САЙЛАУ ЖИЫНЫ
Бүгін кәсіподақтың Түркістан қалалық комитетінің соңғы бес жыл ішінде атқарған қызметіне арналған кеңейтілген есеп беру жиыны өтті. Шараның негізгі мақсаты – комитет жұмысының нәтижелерін қорытындылау, атқарылған істерге баға беру және алдағы кезеңге бағыт-бағдар айқындау болды. Есептік жиынға кәсіподақ мүшелері мен делегаттар қатысып, комитеттің қызметіне қатысты өз пікірлерін білдірді.
Кеңейтілген есеп барысында Түркістан қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы Тұрманова Диана Абайқызы ұжым алдында соңғы бес жылда атқарылған жұмыстар жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Ол өз сөзінде еңбек ұжымдарының әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту, кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғау бағытында жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер мен басым бағыттары да атап өтілді.
Жиынға Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла және съезд делегаттары қатысты. Қатысушылар есеп беру барысында көтерілген мәселелерді талқылап, кәсіподақ комитетінің қызметіне оң баға берді. Жиын барысында өзара пікір алмасу өтіп, ұйым жұмысының тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды.
Съезд делегаттарының бірауызды шешімімен Тұрманова Диана Абайқызы Түркістан қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы қызметіне қайта сайланды. Бұл шешім ұжымның көрсетілген сенімі мен атқарылған жұмыстардың нәтижесіне берілген жоғары баға ретінде қабылданды. Алдағы уақытта комитет өз қызметін одан әрі жалғастырып, кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейтетін болады.