КӘСІПОДАҚ – ҚОРҒАУШЫ, ЗАҢДЫЛЫҚТЫ - ҚОЛДАУШЫ: АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫ ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Кәсіподақтың құқықтық жұмысының тиімділігін сипаттайтын негізгі сапалық көрсеткіштердің бірі – кәсіподақ мүшелеріне заңсыз төленбеген қаражаттарын өндіруге көмектесу. Осы тұста әлі күнге білім беру ұйымдары басшыларының құқықтық сауатсыздығы, бюрократтық басқару әдістері жойылмай отырғандығы қатты алаңдатады.
Мысалы, биылғы 4 соттың шешімі облыстық салалық кәсіподақтың пайдасына шешілді. Атап айтқанда:
1. Индер ауданы М.Әуезов атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Р.Имагамбетовке «педагог-модератор» санаты үшін қосымша ақысы есептеліп, 276 076 тенге мөлшерінде еңбек ақысының айырмашылығы төленді. Аталған мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Р.Алпамысқа да «педагог-модератор» санаты үшін қосымша ақысы есептеліп 259 213 тенге, барлығы 535 289 тенге төленді.
2. 13.03.2025 ж. Мақат аудандық сотының ұйғарымымен «Болашақ» балабақшасының дене шынықтыру нұсқаушысы С.Амандаулетова жауапкермен медиация тәртібімен келісімге келіп, осы мекемеден «педагог-модератор» санаты үшін 518 643 тенге мөлшерінде қосымша ақысы төленді.
3. Атырау қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар саз мектебінің концертмейстері А.Катковқа тиісті 243 362 тенге сауықтыруға арналған жәрдемақысы төленді.
4. 27.03.2025 ж. Атырау қалалық сотының шешімімен №4 Ю.Гагарин атындағы орта мектебінен М.Дунентаевтің пайдасына магистр дәрежесі үшін төленбеген 789 576 тенге мөлшерінде қосымша ақы өндіріліп берілді.
Аймақтағы білім беру ұйымдары басшыларының мұғалімдерді алдын ала қаржылық есепсіз түрлі курстарға бұйрық шығарып жіберулері тоқтар емес. Сөйтіп олар өз қаражаттары есебінен барып жүр.
Мысалы, 5 қарашада «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігіне Мақат ауданы Доссор кентіндегі Б.Қанатбаев атындағы орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары, информатика пәнінің мұғалімі Н. Тургановадан қызметтік іссапарға барған 1 511 696 теңгесін өндіріп беруге көмек сұраған болатын. Желтоқсан айында облыстық Білім беру басқармасымен арадағы әлеуметтік әріптестік келісімдерге сәйкес аталған мектептегі бірнеше мұғалімдердің 12 миллионға жуық теңге қаражаттары есептелініп берілді, оның ішінде Н.Турганованың да өтініші өз шешімін тапты.
Сондай-ақ, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау қалалық комитеті» Филиалына түскен шағым бойынша Атырау қалалық сотының биылғы 28 ақпандағы шешімімен №12 Ф.Досымова атындағы орта мектеп директорының №12 Ф.Досымова атындағы орта мектебінен мұғалім А.К. Боранбаеваның пайдасына 205 517 теңге еңбек ақысы өндірілген.
Кәсіподақ ұйымының негізгі бағыттарында – кадрларды оқыту, оларға жан-жақты заң тұрғысынан практикалық көмек беру ісі де алдыңғы орында тұрады. Соның айғағы, биылғы жылдың 11-12 ақпан күндері облыстық салалық ұйымның бастамасымен Атырау қаласындағы Д.Қонаев атындағы «BINOM» School мектеп-лицейінде, облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияда және Махамбет ауданын орталығында қала мен барлық аудандардың білім беру бөлімдері, орта мектептері мен мектепке дейінгі білім беру мекемелері басшылары, балабақша меңгерушілері, есепшілерінің қатысымен семинар өткізілді. «Әлеуметтік әріптестік – еңбек қатынастарын реттеудің тиімді тетігі» тақырыбымен өткен бұл семинарда Салалық кәсіподақ пен Оқу-ағарту министрлігі өкілдері кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі ұйымның қызметі, әлеуметтік әріптестік аясында білім беру ұйымдары қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығы мен кәсіби құзыреттілігін арттыру, жалақыны есептеу тәртібі және педагог қызметкерлерді ынталандыру тетіктеріндегі өзгерістерге қатысты егжей-тегжейлі түсініктемелер берді. Министрлік өкілдері мен салалық кәсіподақ жетекшілері қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар берді.
Жалпы, 2025 жылдың 11 айда облыс бойынша салалық кәсіподақ ұйымдарына түскен 1 309 арыз бен өтініштер қаралды. ҚР «Еңбек заңнамаларын қолдану туралы» тақырыбында келісу комиссиясы мүшелері үшін 7 семинар өтті, оның ішінде 1 көшпелі Құрманғазы ауданында, 6-уы ZOOM платформа арқылы Индер, Махамбет, Жылыой, Мақат, Қызылқоға, Исатай аудандары үшін ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына байланысты, көптеген шаралар осы бағытта жүзеге асырылды. Биылғы наурыз айының алғашқы күндерінде Индер ауданында «Еңбек адамына құрмет», Махамбет ауданында «Адал еңбек – абыройдың айнасы», «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау қалалық комитеті» филиалының ұйымдастыруымен №17 мектеп-гимназияда «Қарапайым еңбек адамына құрмет!» тақырыбында атты кездесулер ұйымдастырылды. Өз кәсібінің шебері болған техникалық қызметкерлерге облыстық салалық ұйым атынан Алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтар табысталды. Осындай мазмұнды шаралар Исатай, Мақат және Жылыой аудандық филиалдарында да жүзеге асырды.
Жыл сайын Әз-Наурыз, бүкілхалықтық мереке күніне орай, міне 6 жыл болды, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі аймақтың білім беру мекемелерінде еңбек етіп жүрген 50 техникалық қызметкерлердің көктемгі каникул кезінде «Атырау» шипажайында тегін демалуына мүмкіндік жасап келеді. Олардың арасында еден жуушы, автокөлік жүргізуші, бағбан, аула сыпырушы, электрик, бала күтуші, кір жуушы, басқада шаруашылық қызметкерлері бар.
Атырау облыстық ұйымы
-
Фото
-