ТЕКЕЛІДЕ КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ БАЛАБАҚША ҰЖЫМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының өкілдері Текелі қаласындағы №2 және №3 балабақшалардың еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты – еңбек ұжымдарымен ашық диалог орнатып, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін талқылау, сондай-ақ кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттары туралы ақпарат беру болды.
Кездесу барысында Текелі қалалық білім бөлімінің басшысы Нұрлан Нүсіпбеков мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, педагогтардың еңбегін бағалау, жұмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік қолдау шараларының маңыздылығын атап өтті. Білім саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары мен алдағы жоспарлар жөнінде ақпарат беріп, еңбек ұжымының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов ұйымның атқарып жатқан жұмыстары, еңбек заңнамасындағы өзгерістер, ұжымдық шарттың маңызы, еңбек дауларын шешу жолдары және әлеуметтік қолдау тетіктері жөнінде кеңінен баяндады.
Сонымен қатар, қызметкерлерді толғандырған жалақы, еңбек жағдайы, демалыс, сауықтыру, әлеуметтік кепілдіктерге қатысты сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
Балабақша ұжымдары өз кезегінде кәсіподақ жұмысына оң бағасын беріп, осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Ашық форматта өткен басқосу өзара пікір алмасуға, ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салуға мүмкіндік берді.
Кездесу соңында кәсіподақ өкілдері мен білім бөлімінің басшысы еңбек ұжымдарымен тығыз байланыс орнатып, алдағы уақытта да бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізді. Мұндай кездесулер қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және еңбек қатынастарын нығайтуға септігін тигізетіні атап өтілді.
Жетісу облыстық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-