КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН СПОРТТЫҚ САЙЫС
Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Дені сау отбасы – қоғам тірегі» атты отбасылық спорттық эстафеталық жарыс өтті. Бұл тағылымды шара отбасылық құндылықтарды нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және спортқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталды.
Жарыс барысында қатысушылар өздерінің ептілігі мен ұйымшылдығын, бірлік пен ынтымақтастығын көрсете білді. Спорттық сайыс жеті кезеңнен тұрды. Қатысушылар эстафета таяқшаларымен жүгіріп, матадан арқылы орындықтың үстінен өтіп есеп шығарды. Сонымен қатар асықты иіріп шелекке түсіру, шеңберді жылжыту, баскетбол добы арқылы барып-қайту, қапшықпен секіру және су тасымалдау сияқты қызықты әрі тартысты кезеңдерден өтті.
Жарысқа қатысқан әрбір отбасы белсенділік танытып, көтеріңкі көңіл күй мен спорттық рух сыйлады. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, олардың ынта-жігерін ерекше атап өтті.
Тартысты өткен жарыс нәтижесінде жүлделі орындар иеленген отбасылар анықталды. Бірінші орынды №3 Хромтау орта мектебінен Бірімжановтар отбасы иеленсе, екінші орын №4 Хромтау орта мектебінен Ізбасаровтар отбасына бұйырды. Үшінші орынды №7 Хромтау гимназиясынан Қалмұратовтар отбасы жеңіп алды.
Жарысқа қатысқан барлық отбасылар аудандық кәсіподақ ұйымының бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Ал жеңімпаздар арнайы ақшалай сыйлықтарға ие болды. Бұл шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, отбасы бірлігінің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.