ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаздыққа адалдық пен басшылыққа жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған еңбек адамы – Юшкевич Елена Павловна Хромтау қаласындағы №2 гимназияны 21 жыл бойы табысты басқарып келе жатқан білікті басшы, тәжірибелі педагог.
Елена Юшкевич еңбек жолын 1991 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын тәмамдаған соң Хромтау қаласындағы №4 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Ізденіске толы ұстаздық еңбегі оны 1994 жылы тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметіне алып келді. Ал 2004 жылдан бері №2 Хромтау мектеп-гимназиясын басқарып, білім ордасының дамуына бағытталған жүйелі жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Оның басшылығымен гимназияда педагогикалық серіктестікке негізделген, бірлігі жарасқан, шығармашылыққа бейім ұжым қалыптасты. Оқу-тәрбие үдерісінің сапалы ұйымдастырылуы оқушылардың білім жетістіктерінен айқын көрініс тауып, аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жеңістерге жол ашты. Осы еңбектің нәтижесінде 2014 жылы білім мекемесіне «№2 Хромтау гимназиясы» мәртебесі берілді.
Оның кәсіби шеберлігі мен басқарушылық қабілеті оның біліктілік санаттарымен де дәлелденеді. Ол «бірінші санатты директор», бастауыш сынып мұғалімі ретінде «педагог-шебер» санатына ие. 2021 жылы «бірінші санатты басшы» біліктілігі берілді. Басшының шешім қабылдаудағы дербестігі, талапшылдығы мен әділдігі ұжым арасында жоғары беделге жеткізді.
Ұзақ жылдар бойғы адал еңбегі мен білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі елеусіз қалған жоқ. Елена Юшкевич республикалық және облыстық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы атанып, салалық төсбелгілерге, медальдар мен Құрмет грамоталарына ие болды. Оның жетістіктері табанды еңбектің, кәсіби жауапкершіліктің және ұстаздыққа деген шынайы жанашырлықтың нәтижесі.
Елена Юшкевич ұжымда шығармашылық атмосфера қалыптастыруға, педагогтардың бастамалары мен кәсіби дамуын қолдауға үнемі мән береді. Білім саласындағы тынымсыз еңбегі арқылы ол жас ұрпаққа сапалы білім берудің берік негізін қалап, нағыз еңбек адамының жарқын үлгісін көрсетіп келеді.