ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Әйтеке би ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының өкілдері келісу комиссиясы мүшелеріне арналған семинар өткізді. Іс-шара барысында еңбек дауларын шешу және әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытындағы тәжірибелер ортаға салынды.
«Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» тақырыбында өткен семинарға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақ мүшелері мен келісу комиссиясының мүшелері қатысты.
Семинар барысында еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістер, білім беру саласындағы еңбек қатынастарының өзекті түйткілдері, педагог қызметкерлердің құқықтық қорғалуы және еңбек дауларын реттеу тетіктері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар еңбек даулары туындаған жағдайда келісу комиссиясының рөлін арттыру, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісімдердің заң талаптарына сай орындалуын қамтамасыз ету жөнінде құқықтық кеңестер берілді.
Айта кету керек, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта да педагогтарды ақпараттандыру және олардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.
-
Фото
-