АҚТӨБЕЛІК ҰСТАЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДА ТОП ЖАРДЫ
10–15 қаңтар аралығында Алматы қаласында XXII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті. Биылғы зияткерлік додаға 612 оқушы мен 122 команда жетекшісі қатысты. Олимпиадаға әлемнің 16 елінен — Армения, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түркменстан, Индонезия, Үндістан және Өзбекстаннан келген дарынды оқушылар мен ұстаздар жиналды.
Байқау математика, физика және информатика пәндері бойынша өткізілді және екі турдан тұрды. Олимпиадалық тапсырмалар оқу бағдарламасына сай әзірленіп, халықаралық қазылар алқасының қатысуымен өткізілді.
Аталған халықаралық білім бәйгесінде Ақтөбе облысының педагогтары жоғары нәтиже көрсетіп, дипломдармен марапатталды. Соның ішінде М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі, кәсіподақ мүшесі Жылгелдин Сабыржан Жексенғалиұлы жүлделі ІІ орынды иеленді.
Жеңімпаз ұстазды айтулы жетістігімен құттықтай отырып, кәсіби қызметіне толағай табыс тілейміз!