ХРОМТАУ ҚЫЗДАРЫ ҚЫСҚЫ ФУТБОЛДА БАҚ СЫНАДЫ
Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мен аудандық білім бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен қыздар арасында қысқы футболдан аудандық турнир өтті.
Аталған турнирдің басты мақсаты – білім беру саласы қызметкерлерінің ынтымақтастығын нығайту, қыздарды бұқаралық спортқа тарту, сондай-ақ олардың бойында табандылық, жауапкершілік пен командалық рухты қалыптастыру.
Жарысқа Хромтау ауданына қарасты білім беру ұйымдарынан барлығы 12 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Турнир барысында қыздар жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, алаңда шапшаңдық пен төзімділікті, бір команда болып әрекет ету қабілеттерін айқын дәлелдеді. Әрбір ойын тартысты өтіп, жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды №4 Хромтау орта мектебінің қыздар командасы иеленді. ІІ орын №3 Хромтау орта мектебінің командасына бұйырса, ІІІ орын Дөң мектеп-гимназиясының қыздар командасына лайық деп танылды.
Шара барысында сөз сөйлеген аудандық білім бөлімінің басшысы Шерхан Отаров қыздар арасындағы спорттық жарыстардың маңыздылығына тоқталып:
-Қыздар арасындағы спорттық жарыстар – қазіргі заман талабына сай бастамалардың бірі. Бұл тек денсаулықты нығайту ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың бойында жауапкершілік, табандылық және өзіне деген сенімді қалыптастырады. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табуы тиіс, – деді.
Жарыс соңында жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубоктар мен Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ақшалай сыйақылары табысталды.
Аталған турнир қыздар спортының дамуына серпін беріп, салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлесін қосты.