ҰЖЫМДЫҚ ШАРТҚА ТҮСКЕН НОРМАЛАР ЗАҢМЕН ТЕҢ
Сарыкемер тірек мектебінде Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының Байзақ аудандық комитетінің ІІІ Пленумы өтті. Есеп беру жиынына Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің өкілдері, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен комитет мүшелері қатысты.
Пленумды аудандық филиал төрағасы Елнұрбек Ермеков ашып, негізгі күн тәртібімен таныстырды. Аудандық білім бөлімінің өкілі Ботагөз Әлімбекова өткен жылы ауданда білім беру саласына 29 млрд. 291 млн. теңге бөлінгенін, 125 орындық «Жан-қуат» және «Еңлік-2» балабақшалары, Сарыбарақ ауылында 100 орындық мектеп ашылғанын, ал биыл Аққия ауылынан бойкөтерген 100 орындық мектепті пайдалануға беру жоспарланғанын жеткізді. Мұнан бөлек білім бөлімі тарапынан істелген басқа да жұмыс барысы баяндалып, 2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шарт талаптары орындалатынын айтты.
Аудандық комитет төрағасы Елнұрбек Ермеков филиалға қарасты 74 бастауыш ұйымға біріккен 5445 сала өкілі үшін ұжымдық шарт аясында істелген жұмыстарға тоқталды.
– Жыл ішінде жоспарланған саналуан мазмұндағы іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Комитеттің 1 Пленумы, Атқару комитетінің 7 мәжілісі өтті. Кәсіподақ мүшелері ұжымдық шарттың сан-салалы бағыттағы игіліктерін көріп келеді Мүшелік базаны нығайту мақсатында білім мекемелерін кәсіподақ қатарына тарту жұмыстары мақсатты жолға қойылған. Осы орайда, Сарыкемер ауылында жаңадан ашылып, жұмысын бастаған «МедИнкар» балабақшасында кәсіподақ ұйымы құрылды. Жеке меншік нысандағы ұжымның кәсіподаққа мүше болуы үлкен жетістік, – деп атап өтті Елнұрбек Ермеков.
Ал аймақтық құқықтық инспектор Ләззат Айтқұлова былтыр еңбек заңдылығының сақталуы бойынша 77 бақылау-тексеру іс-шарасын жүргізіп, еңбек заңнамасы талаптарының 90 бұзушылық жағдайы анықталып, 51 нұсқама мен ұсыныс берілгенін, жұмыс берушілерден 24 жазбаша жауап алынған айтты.
- Бұдан бөлек кәсіподақ мүшелеріне 1116 құқықтық көмек көрсетілді. Сала қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мақсатында 7 сот отырысында өкілдік жасадым. Бухалтерлік есеп-қисап аясында кеткен төлемдердегі айырмашылықтар анықталып, кәсіподақ мүшелерінің пайдасына қайта есептеу арқылы өндірілген сома 7 миллион 483 мың теңгені құрады, - деді Ләззат Ержігітқызы.
Ал С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ләйла Тлеубергенова ұжымдағы кәсіподақ жұмысының барысымен таныстырып, комитет жұмысын оң бағалады.
Жиынды қорытындылаған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ұжымдық шарттың кәсіподақ мүшелері үшін артықшылықтарын баяндай келіп, оның нәтижесіне тоқталды.
- Ұжымдық шарттың арқасында кітапханашылардың еңбек ақысына 35%, медициналық қызметкерлер жалақысына 15-50%, қаржы саласы мамандарының табысына 50 пайыздық үстеме қосылды. Ғимарат жөндеушілер мен техникалық қызметкерлер сауықтыру ақысын алады.
Бұның барлығы Ұжымдық шарттың нәтижесі. Алайда, екі жыл бұрын қаржылық бақылаушы органдар тарапынан тексеріс жүргізіліп, есепшілерге төленген үстеме ақы заңсыз деп танылып, бюджетке қайтару міндеттелген. Бірақ біздің заңгерлер екі жыл күресіп, сотта оның заңдылығын дәлелдеді. Сөйтіп, ұжымдық шартқа түскен нормалар заңмен тең екендігі желтоқсан айының 25 күні өткен сотта нақтыланды, - деп атап өтті Ерұлан Сәбенұлы.
Жиын соңында тиісті Қаулылар қабылданып, іс-шара соңы марапатқа ұласты.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-