АДАЛ ЕҢБЕК – АБЫРОЙ БАСТАУЫ
Қоғамда ұстаздар, дәрігерлер, теміржолшылар әулетін көптеп кездестіруге болады. Бірақ бір отбасында тұрып, екі білім мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымын сегіз жылға жуық басқарып келе жатқан ерлі-зайыпты ұстаздар отбасын күнде кездестіре бермесің анық. Бұл жанұяның отағасы Тілеухан Лесбаев Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы №30 мектеп-гимназиясында математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етсе, жұбайы Айнар Спатова №2 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беруде. Бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағалығына екеуі де 2018 жылы сайланған.
Отағасы, №30 мектеп-гимназияның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Тлеухан Өсербайұлы оқу-тәрбие үрдісінің барлық қырларын меңгеруде ізденімпаздығымен, жаңашылдығымен, іскерлігімен көзге түскен, өз ісін жетік меңгерген білікті маман. Еңбегі ескерусіз емес, басшылық тарапынан көптеген Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталған.
– Мектептегі бастауыш кәсіподақ ұйымын басқарып келе жатқаныма 8 жыл. Ұжымның қалауымен сайлауға түсіп, 2018 жылы қараша айында төраға болдым. Сөйтіп 2018 жылдан Айнар екеуміз екі мекеменің қоғамдық ұйымына сайланып, ол міндетті бүгінге дейін абыроймен алып келеміз. Мектепте бұл ұйымның атқарар жүгі де, жауапкершілігі де көп.
Ұйымдастырылатын іс-шаралар, сауықтыру шаралары, басқа да толып жатқан жауапты міндеттердің ішінде жүріп ысылдық, тәжірибе жинадық. Осының арқасында ұжымның сеніміне ие болдық. Кейбір мәселелерде жұбайымыз екеуміз кеңесіп, пікірлесіп отыратынымыз бар. Ол әрине жұмысымыздың жүруіне, ұжым мүшелерімен тіл табысуда үлкен көмек болуда. Осының барлығы да табандылықпен, еңбекпен келген абырой екен, – дейді Тлеухан Өсербайұлы.
Ал жұбайы Айнар Амангелдіқызының жалпы еңбек өтілі 24 жыл. Бұл жылдарда Айнар пәні бойынша көп жетістікке жеткен. Облыстық және республикалық байқаулардың жүлдегері болса, оқушылары облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындарды жеңіп алып жүр. Құрмет грамоталары мен Алғыс хатын атамағанның өзінде, оның бергі жағында ҚР Оқу ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен және «Мейірім - әлемге махаббатпен» медальдарымен марапатталған.
Айнар да сегіз жылдан бері өзінің жауапкершілігі, адалдығы мен білім-біліктілігінің арқасында мектеп қызметкерлерінің мүддесін қорғап, сауықтыру шаралары мен басқа да іс-шараларды ұйымдастыруда бастамашы болып жүр. Оның осы іскерлігі ұжымдағы түрлі келіспеушіліктер мен еңбек дауларының алдын алуда себеп болуда.
Ол мектептің, қаланың, облыстың қоғамдық жұмыстарын, оның ішінде кәсіподақтық бастамаларымен өтетін мәдени-көпшілік іс-шаралардың бел ортасында жүріп, белсене қатысып, республикалық салалық кәсіподағының Алғыс хатымен және Құрмет грамотасымен де марапатталған.
Бүгінде отағасы екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Алихан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Автоматтандыру және басқару» факультетін қызыл дипломға бітіріп инженер мамандығын алған. Қазіргі таңда Тараз қаласында QAZAQGAZ AIMAQ мекемесінде қызмет атқарып жүр. Ал Алишер Тараз мемлекеттік университетінің «Физика» факультетінің 4-курс студенті.
Жамбыл облыстық ұйымы