ҰЖЫМДЫҚ ШАРТТЫҢ ҰТЫМДЫ ТҰСТАРЫ КӨП
Қаратау қаласында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Талас аудандық комитеті филиалының кезекті ІІІ Пленумы өтті. Алқалы жиынға Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Казанғапов, облыстық кәсіподақ аппараты мен құқықтық қызмет өкілдері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Пленумның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі - кәсіподақтың қоғамдағы рөлі, әлеуметтік әріптестік аясында жасалған Ұжымдық шарттың орындалу барысы және аудандық комитеттің 2025 жылы атқарған жұмысы жөнінде филиал төрағасы Әділ Смағұлов баяндама жасап, кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету, ұжымдық шарт талаптарының орындалуы бағытында жүргізілген жұмыстарға тоқталды.
- Біздің санқырлы жұмыс бағыттарымыздың басымдық берілген тұсы филиал құрамындағы 62 бастауыш кәсіподақ ұйымына біріккен 3353 сала қызметкерінің құқықтарын қорғауға негізделді. Ұжымдық шарт аясындағы үлкен жетістіктің бірі - қызметтік бөлмелерді тазалаушылар мен аула сыпырушылар, ғимарат жөндеушілер үшін еңбек демалысына шыққанда бір лауазымдық жалақы көлемінде емделу жәрдемақысын алу құқығы, еңбек демалыстарының негізгі ұзақтығын 30 күннен кем емес етіп, зиянды жұмыс үшін қосымша ақылы 6 күн қосымша берілуіне қол жеткізгеніміз. Сонымен қатар, іс-жүргізуші мен хатшы мамандары көзделмеген мекемелерде осы аталған жұмысты қоса алып жүрген қызметкерлерге БЛЖ-дан 100% көлемінде қосымша ақының төленуіне қол жеткіздік. Осы және өзге де Ұжымдық шарттың талаптары нәтижесінде 2025 жылы кәсіподақ мүшелеріне қосымша ақылар мен ынталандыру ақыларына жұмсалған қаражаттың көлемі 161 716 967 теңгені құрады. Ол үшін әлеуметтік әріптесіміз аудандық білім бөліміне алғыс айтамын, - деді Әділ Ахметұлы.
Сонымен бірге, былтыр білім беру мекемелерінде еңбек заңдылығының сақталуын бақылау бойынша 55 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 331 құқық бұзушылық фактісі анықталғанын, кәсіподақ мүшелеріне қайтарылған, яғни экономикалық әсердің көлемі 10 557 527 теңгені құрап отырғанын да тілге тиек етті.
Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Казанғапов әлеуметтік әріптестік аясында еңбек қатынастары мәселелерін құқықтық тұрғыда бірлесіп шешу бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
- Былтыр әлеуметтік әріптестік комиссиясының 1, ал жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының 2 отырысы өткізілді. Бірқатар нәтижелерге қол жеткізілгенімен, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыру бағытында атқарар міндеттер аз емес. Осы бағыттағы бірлескен жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді Мақсат Арапұлы.
Жиында бұдан бөлек Алғабас орта мектебінің директоры Жарқынбек Оразымбетов және М.Әуезов атындағы орта мектептің БКҰ-ның төрағасы Жанболат Нұртаев әлеуметтік әріптестік аясында атқарылған істерге тоқталды. Мұнан соң Пленум мен комитет құрамына өзгерістер енгізіліп, жаңадан сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағалары комитет құрамына бекітілді. Келесі кезекте аудандық комитеттің 2025 жылғы қаржылық сметасының орындалуы және 2026 жылға арналған кіріс және шығын сметасы талқыланып, тиісті қаулы қабылданды.
Пленум жұмысын қорытындылаған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков облыстық ұйымның былтыр атқарылған іс-шараларымен таныстырып, құқықтық қорғау мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.
- Жергілікті кәсіподаққа жыл сайын 11 мыңнан астам арыз-шағым түсіп, олардың басым бөлігі әлеуметтік әріптестік аясында оң шешіледі. Ал күрделі еңбек даулары сотпен шешіледі. Мысалы, қаржылық бақылау-тексеру органдарының актілері салдарынан құқығы бұзылған және шектелген 184 кәсіподақ мүшесінің мүдделерін қорғау аясында екі жарым жылға созылған текетірес еңбек дауы кезеңіне өткеннен кейін, кәсіподақтың бастамасымен азаматтық сотта қаралған талап-арыз аясында оң шешіліп, іс кассациялық сотта қорытындыланып, 245 млн теңге қаражатты ұстамау және қайтармауға қол жеткізілді. Мұндай мысалдарды көп келтіруге болады. Бұл кәсіподақтың сала қызметкерлеріне нақты қолдау көрсетіп отырғанының дәлелі, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жиын соңында 2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіподақ жұмысына белсенді қатысқан бірқатар кәсіподақ белсенділері марапатталып, үздік деп танылған бастауыш кәсіподақ төрағаларына туристік сапарларға сертификаттар табысталды.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-