ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛ: ТАҒЫЛЫМ МЕН ТӘРБИЕ ӨНЕГЕСІ
Ұстаз болу - жүрек қалауымен таңдалатын, төзім мен табандылықты, білім мен білікті талап ететін қасиетті мамандық. Осындай абыройлы жолда табан аудармай Алматы қаласы Алатау ауданы №151 жалпы білім беретін мектепте 49 жыл үздіксіз еңбек етіп келе жатқан ардақты ұстазымыз -Ахметова Гүлсара Мұхаметқалиқызы шәкірт жүрегінен мәңгі орын алған нағыз ұлағатты ұстаз.
Апайымыз еңбек жолын жас маман ретінде бастап, саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнады. Осы жылдар ішінде мыңдаған шәкіртті өмірге қанаттандырып, олардың үлкен өмірге нық қадам басуына жол көрсетті. Әрбір оқушының бойынан жақсы қабілет таба біліп, талаптандырып, адамгершілікке, еңбекқорлыққа, елін сүюге тәрбиеледі.
Ұстазымыздың басты ерекшелігі - сабырлылығы, әділдігі, шәкіртке деген шексіз мейірімі. Ол үшін мұғалім болу тек сабақ беру емес, әр баланың жан дүниесін түсініп, өмірлік бағыт-бағдар беру. Апай әрдайым жаңашылдыққа ұмтылып, заман талабына сай білім беруді мақсат етті.
Ұзақ жылдық еңбек жолында Гүлсара апай ұжым арасында үлкен құрметке ие болып, жас мұғалімдерге үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Оның еңбегі шәкірт жетістігімен, ата-ана алғысымен, әріптес сыйластығымен бағаланды. Жарты ғасырлық ұстаздық жол тек еңбек тарихы емес, бұл шәкірт жүрегінде қалатын ізгілік пен мейірімнің символы.
Ахметова Гүлсара Мұхаметқалиқызы Алматы қалалық «Ұстаз» кәсіподағы құрылған күннен бастап бүгінге дейін кәсіподақтың белсенді мүшесі.
Ұлағатты ұстазымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тілейміз. Еңбегіңіздің жемісін көріп, шәкірттеріңіздің құрметіне бөлене беріңіз!
Н.Жылқыбаева,
Алматы қаласы №151ЖББ мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі