ТҰРАҚТЫ ӘРІ ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК ОРТАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ – КӘСІПОДАҚТЫҢ КҮН ТӘРТІБІНДЕ
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың V Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі еліміздің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына бағытталған маңызды стратегиялық бағдар болып табылады. Мемлекет басшысы өз баяндамасында әділетті қоғам құру, ұлттық бірлікті нығайту, еңбек адамының мәртебесін арттыру және адам капиталының сапасын жақсарту мәселелеріне айрықша назар аударды.
Әсіресе, Президенттің оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім саласына қатысты айтқан ойлары сала қызметкерлері үшін аса маңызды. Білім – ел болашағының берік іргетасы екенін атап өткен Мемлекет басшысы педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, білім сапасын өңірлерде тең қамтамасыз ету, ұстаз мәртебесін көтеру мәселелерін нақты басымдық ретінде белгіледі.
Президенттің: «Білімді ұлт – бәсекеге қабілетті елдің негізі» деген ұстанымы білім саласы қызметкерлерінің қоғамдағы рөлін айқындай түседі. Бұл – ұстаздар мен ғылым қызметкерлерінің еңбегіне берілген жоғары баға. Ал олардың еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрақты әрі қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру – кәсіподақ ұйымдарының басты міндеті.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы Мемлекет басшысының V Ұлттық құрылтайда көтерген бастамаларын толық қолдайды. Кәсіподақ үшін педагогтердің, ғалымдардың, жоғары оқу орындары мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің еңбек жағдайы, әлеуметтік кепілдіктері, жалақысының әділдігі мен кәсіби дамуы – басты назарда.
Құрылтайда айтылған әлеуметтік әріптестікті күшейту, еңбек адамының беделін арттыру, заң мен тәртіп қағидаттарын сақтау мәселелері кәсіподақ қызметімен тығыз байланысты. Білім саласындағы тұрақтылық пен сапалы нәтиже – мемлекет, жұмыс беруші және кәсіподақ арасындағы сындарлы диалогтың жемісі.
Біз «Жетісу» жергілікті кәсіподағы ретінде сала қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін қорғауға, олардың әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қамтамасыз етуге, Президент белгілеген реформаларды өңірлік деңгейде іске асыруға белсенді атсалыса береміз.
Қорытындылай келе, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың V Ұлттық құрылтайда айтқан ойлары білім мен ғылым саласы қызметкерлері үшін жаңа серпін беріп, жауапкершілікті арттыра түсті. Кәсіподақ ұйымдары бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, ел болашағы үшін еңбек ететін мамандардың сенімді тірегі бола береді.
М.Төлепбергенов,
Салалық кәсіподақтың Жетісу облыстық ұйымының төрағасы.