БІЛІКТІ ҰСТАЗ
Маркаш Қарабаева – Сәкен Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі. Ол Нұра ауданы Ахмет ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектепте ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі ретінде 2014–2017 жылдар аралығында оқушыларының ҰБТ-да ағылшын тілі пәнінен жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, білім сапасының 100% деңгейінде болуы айтуға тұрарлық жетістік.
Озық тәжірибені бойына тез сіңіріп, оқытудың сан алуан тиімді әдіс-тәсілдерін меңгеруге ұмтылатын ұстаз өз тәжірибесімен әрдайым әріптестерімен бөлісіп отырады. Сонымен қатар, ол шығармашыл ұстаздардың ақпараттық-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Педагогикалық тәжірибені зерттеу және сипаттап жазу» тақырыбындағы семинарға қатысып, «Развитие познавательной деятельности учащихся на уроках английского языка» атты мақаласын республикалық мақалалар жинағында жариялады.
Педагог өз бойына жинақтаған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіруді басты мақсат тұтады. Ол оқушылардың педагогикалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттырып, білім алуға үнемі ынталандырып отырады. Ұстаз еңбегінің нәтижесін түлектерінің жоғары оқу орындарына грант негізінде оқуға түсіп, ағылшын тілі саласында мамандық таңдап, табысты қызмет атқаруынан айқын көруге болады.
Еңбегімен ел құрметіне бөленген білікті ұстаз қызметіне табыс тілейміз.