АЛҒА АУДАНЫНДА ЖАҢА ТӨРАҒА
Алға ауданында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қатысуымен есептік-сайлау конференциясы өтті. Маңызды жиынға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, білім беру саласының өкілдері, әлеуметтік әріптестер мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Конференция барысында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген негізгі нәтижелерге жан-жақты тоқталды. Ол өз сөзінде кәсіподақтың басты басымдықтары – білім және ғылым саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерін нығайту, жұмыс жағдайын жақсарту және сала мамандарының кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі қолдау екенін атап өтті. Сонымен қатар, білім саласындағы жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестік аясындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың маңыздылығы сөз болды. Еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізіліп, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық кеңес беру, еңбек дауларының алдын алу, қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылғаны айтылды.
Конференцияда Алға аудандық білім бөлімінің басшысы Дабылбек Құдайбергенов кәсіподақ ұйымымен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтижесін атап өтіп, білім саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Жиында көпшіліктің бірауыздан қолдауымен, ашық дауыс беру нәтижесінде Алға аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы болып Шындаулет Нұрлан Талғатұлы сайланды.
Жиын соңында бірқатар үздіктерге кәсіподақ ұйымының ақшалай сыйақылары мен шипажайға жолдамалары табысталды.
-
Фото
-