ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз болу – мамандық қана емес, ол табандылық пен төзімділікті, үздіксіз еңбекті талап ететін үлкен жауапкершілік. Осындай қасиеттерді өмірлік ұстанымына айналдырған еңбек адамдарының бірі – №6 Хромтау гимназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Саудин Нұрқасым Тұрарұлы.
Нұрқасым Саудин – саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеу мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнаған тәжірибелі педагог. Оның педагогикалық еңбек өтілі – 43 жыл. Ал №6 Хромтау гимназиясында 2010 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Ол осы жылдар ішінде өз ісіне деген жауапкершілігімен, кәсіби сауаттылығымен, тиянақтылығымен және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуымен әріптестері арасында зор құрметке ие болды.
Білікті мұғалім ретінде ол әрбір оқушының мінез-құлқын, жас ерекшелігі мен қабілетін терең түсініп, соған сай жұмыс жүргізе алады. Сабақ барысында теориялық білім мен жаңашыл педагогикалық тәсілдерді шебер үйлестіріп, оқушыларды тек спортқа баулып қана қоймай, адамгершілікке, тәртіпке, табандылыққа тәрбиелеуді басты мақсат етеді.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі – шәкірт жетістігі. Нұрқасым Саудин баптаған оқушылар облыстық және республикалық деңгейдегі спорттық жарыстарда, соның ішінде Ұлттық мектеп лигасы мен тоғызқұмалақтан өткен сайыстарда жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл – мұғалім еңбегінің нақты көрсеткіші.
Еңбек жолында ол білім беру мен спорт саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін түрлі деңгейдегі марапаттармен, алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталған. Ұстаздың өзі де ардагерлер арасында ұйымдастырылған облыстық және республикалық спорттық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, белсенді өмір салтын ұстанудың жарқын үлгісін танытып жүр.
Саудин Нұрқасым Тұрарұлы – өз ісін сүйетін, жас мамандарға бағыт-бағдар беретін, шәкірттері үшін әрдайым үлгі бола алатын нағыз еңбек адамы.