ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ МҮДДЕСІ – БІРІНШІ ОРЫНДА
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының Қордай аудандық комитеті филиалының кезекті ІІІ Пленумына Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, төраға орынбасары Жанболат Орынбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Аширбеков, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
2024-2026 жылдарға арналған Ұжымдық шарт талаптарының орындалуы бойынша есепті жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Аширбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы білім саласына 33 миллиард 607 миллион теңге бөлінсе, оның ішінде педагогтердің айлық жалақыларына 17 миллиард 599 миллион 711 мың теңге жұмсалған. Бөлінген қаражат алдыңғы жылмен салыстырғанда 986 миллион 262 мың теңгеге артқан.
Ал аудандық кәсіподақ төрағасы Қарлығаш Қыпшақбаева 82 бастауыш кәсіподақ ұйымында 5492 кәсіподақ мүшесі болса, өткен жылы олардан 505 өтініш түскенін, олардың 21-і жазбаша болса, ауызша 484 өтініш пен сұраққа заң аясында құқықтық кеңес берілген. Бұдан бөлек, еңбек адамының құқығы мен мүдделерін әлеуметтік әріптестік аясында қорғау барысында жүргізілген тексерістер аясында 237 құқық бұзушылық анықталып, барлығы заң шеңберінде шешілген.
Жарыссөзге жазылып, өз баяндамасында Қордай аудандық комитеті филиалының жұмысына «қанағаттанарлық» баға берген аудандық білім бөлімінің әдіскері Совет Жасыбаев, «Бүлдіршін» бөбекжай бақшасының меңгерушісі Айша Идыбо мен Қ.Сатпаев атындағы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Майра Есқожаева өз ұжымдарындағы хал-ахуал мен әлеуметтік әріптестік аясында атқарылған жұмыстармен таныстырды. Олар шалғай елді мекендерде педагогтарды жұмысқа конкурссыз қабылдау, 1,5 жүктемеден аспайтындай біліктілік талаптарға сай келетін пән мұғалімдері арасында ваканттық сағатты бөлуге рұқсат беру, мемлекеттік наградалары бар «педагог-шебер» санатты ұстаздарды жұмыс ауыстырған жағдайда конкурссыз қабылдау сынды басқа да ұсыныстар айтты.
Жиын барысында көтерілген сұрақтарға және филиалдың жұмысына байланысты Ұжымдық шартта көзделген нормаларға арнайы тоқталған Ерұлан Мағзымбеков бүгінге дейін Жергілікті кәсіподақтың осы құжат негізінде жеткен жетістіктерін түсіндіріп берді.
– Көтерілген мәселелер кәсіподақ мүшелері мен мекеме басшылары тарапынан жиі айтылып, талқыланып жүр. Біз мұны облыстық білім басқармасына алдағы 2027-2029 жылдарға жасалатын Ұжымдық шартқа енгізуді ұсынатын боламыз. Бүгінгі жиында аудандық білім бөлімінен сұрайтыным - бірқатар аудандарда шешімін тауып, төленіп отырған білім мекемелері мен ұйымдарының іс-жүргізушілері мен хатшылардың жалақысына қосымша ақы төлеу мәселесі. Бұл норма Қордайда тоқтап тұр. Осы мәселе аудандық білім бөлімі тарапынан оң шешімін табады деген сенімдеміз, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жиын барысында жаңа жылдың жұмыс жоспары, қаржылық есебі бекітіліп, тиісті қаулылар қабылданды. Жиын соңы марапатқа ұласты.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-