ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ МАҚТАУҒА ЛАЙЫҚ
Тусупханов Ерсайын Аманұлы – Қарағанды облысы, Шет ауданындағы Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясында химия пәнінің мұғалімі.
Ерсайын Аманұлы оқыту үдерісінде ғылыми-зерттеушілік бағытты тиімді қолданатын, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлетін педагог. Ол химия пәнін оқытуда заманауи әдіс-тәсілдер мен тәжірибелік жұмыстарды ұштастыра отырып, шәкірттердің логикалық ойлауын, талдау және зерттеу дағдыларын дамытуға жүйелі түрде жұмыс жүргізеді. Ұстаздың сабақтары мазмұндылығымен, тәжірибеге бағытталуымен және нәтижеге бағдарлануымен ерекшеленеді.
Ұзақ жылдар бойы атқарған адал еңбегі мен білім беру саласына қосқан елеулі үлесі мемлекет және өңір деңгейінде жоғары бағаланды. Атап айтқанда, 2013 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері атанды. 2022 жылы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, 2021 жылы Қарағанды облысының білім басқармасының Алғыс хатына және Шет ауданы әкімдігінің Құрмет грамотасына ие болды.
Ұстаз еңбегінің нақты көрсеткіші – оның шәкірттерінің жоғары жетістіктері. Ерсайын Аманұлының жетекшілігімен оқушылар республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңінде 2020 және 2021 жылдары қатарынан жүлделі үшінші орындарды иеленді. Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінде 2021 жылы І орынға, 2022 жылы ІІ орынға қол жеткізді. 2022 жылы оқушылары V Қаныш Сәтпаев атындағы республикалық химия олимпиадасында ІІІ орын, 2021 жылы ғылыми жоба байқауында жүлделі ІІІ орынға ие болды. Ал 2024 жылы облыстық және аудандық пән олимпиадаларында шәкірттері бірнеше жүлделі орындарды (І, ІІ, ІІІ орындар) жеңіп алды.
Ерсайын Аманұлы кәсіби шеберлігі мен зерттеушілік бағыты үйлесім тапқан, білім сапасын арттыруға және дарынды оқушыларды даярлауға сүбелі үлес қосып келе жатқан, еңбегімен әріптестері мен шәкірттері арасында зор құрметке ие, үлгі тұтарлық ұстаз.