КӘСІПОДАҚ ТӘЛІМГЕРЛІГІ
Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданының «Абай атындағы орта мектебі» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Қ.Байтанбалиева кәсіподақтық тәлімгерлік аясында «Мектеп-бөбекжай-балабақша кешені» КММ төрағасы Д.Ракишевпен жүздесіп, 2025-2026 оқу жылына арналған жұмыс жоспарын таныстырды.
Жоспардың өзегі – жас кәсіподақ төрағасын кәсіби шыңға жетелеу, оның бойында ізденімпаздық пен іскерлік қасиеттерді ұялату.
Осынау мақсатты жүзеге асыру жолында кәсіподақ төрағасының міндеттері мен жұмыс жүйесін тереңінен түсіндірілді. Ұжымдық шарт пен әлеуметтік паспорттың, қауіпсіздік техникасының қыр-сыры көрсетілді. Мектеп ұжымынан үш адамнан тұратын Келісу комиссиясын құру қажеттігі, оның шарттарын да жеткізілді. Сонымен қатар түрлі атаулы күндер мен мерекелерде ұжым мүшелерін салтанатты түрде құттықтап, әр сайыста белсенділік танытқан әріптестерін жүйелі түрде марапаттау – кәсіподақтың ажырамас қызметі екені айтылды.
Оқу жылының басында мектепшілік кезекшілік тізімін жасау, оның орындалуын қадағалау, сабақ кестесінің заңдылығын бақылау, әр ұжым мүшесінің өз міндетін толық орындауын қадағалау – кәсіподақ мүшелерінің тікелей міндеті екені ескертілді.
Аталған жұмыстарды жүргізу барысында тәлімгерлер ұдайы тығыз байланыста.
Екі кәсіподақ төрағасы арасындағы бұл кездесу кәсіподақтық тәлімгерліктің маңыздылығын, жас мамандарға бағыт-бағдар берудің қажеттілігін айқын көрсетті. Тәжірибелі маманның қолдауы жас төрағаның кәсіби тұрғыда өсуіне, ұжымдағы жұмыстың тиімділігін арттыруға септігін тигізері сөзсіз.
Аталған оң тәжірибе басқа да аудандарға үлгі болып, жас кәсіподақ төрағаларына қолдау көрсету, олардың біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруға ықпал етеді деп сенеміз. Бұл өз кезегінде білім беру саласындағы қызметкерлердің құқықтарын қорғауға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, еңбек жағдайын жақсартуға жол ашады.
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы