ЕҢБЕККЕ ТАҒЗЫМ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы білім мен ғылым саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаздарды қолдап, олардың еңбегін жоғары бағалап келеді. Осы игі дәстүр аясында кәсіподақ ұйымының өкілі Нұрлан Жетпісбай бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлмира Қошқарованың мерейлі жасқа толуына байланысты Кеңейтілген отырысқа қатысты.
Жиын барысында ұйым өкілі Нұрлан Жетпісбай кәсіподақ төрағасының арнайы құттықтауын жеткізіп, ұзақ жылғы тынымсыз еңбегі мен білім саласындағы жетістіктері үшін алғысын айтты. Сонымен қатар мерейлі жас иесіне денсаулықты нығайтуға арналған шипажайға жолдама табыс етілді.
Гүлмира Қошқарова – көп жылдар бойы жоғары білім беру жүйесінде табанды еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз, білікті ғалым. Ғылыми-педагогикалық қызметінде жас мамандарды тәрбиелеуге, болашақ аудармашылар мен филологтардың кәсіби қалыптасуына зор үлес қосып келеді.
Ғылыми ізденіс пен әдістемелік жұмысты қатар алып жүрген ғалым – 100-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектің авторы.
Ұстаздың еңбегі мемлекет және сала деңгейінде жоғары бағаланған. Ол «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері. Сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Ақтөбе облысы әкімдігінің, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, университет ректоратының көптеген құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталған.
-
Фото
-