ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫН ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Шалқар ауданында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова мен еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маман Нұрлан Жетпісбайдың қатысуымен «Еңбек даулары: туындау себептері және оларды келісу комиссиясында шешу тәртібі» тақырыбында мазмұнды семинар өтті.
Семинар барысында облыстық ұйым өкілдері Раушан Серікова мен Нұрлан Жетпісбай келісу комиссиясының қызметі, міндеттері мен жауапкершілігін жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ, білім беру саласында туындайтын еңбек дауларын заң аясында, тиімді жолмен шешуде келісу комиссиясы мүшелерінің рөлі ерекше екені атап өтілді. Кәсіподақ өкілдері ұжым ішінде сенімге ие, белсенді әрі жауапкершілігі жоғары тұлғалардан құралған келісу комиссиясы еңбек дауларының алдын алуда маңызды тетік екенін жеткізді.
Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымдарында құрылған келісу комиссияларының мүшелері жыл сайын Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу дағдыларын жетілдіру және еңбек даулары бойынша ортақ мәмілеге келу бағытында арнайы оқытудан өтуі міндетті екені айтылды. Бұл талап еңбек қатынастарындағы құқықтық сауаттылықты арттыруға және даулы мәселелердің ушығуына жол бермеуге бағытталған.
Семинар қорытындысында қатысушылар көкейкесті сауалдарын ортаға салып, қойылған сұрақтарға жауап алды, сондай-ақ өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Семинар жұмысына 100-ге жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағасы, кәсіподақ мүшелері және келісу комиссиясының өкілдері қатысты. Қатысушылар іс-шараның практикалық маңызын жоғары бағалап, мұндай кездесулер еңбек дауларын заң талаптарына сай шешуге және қызметкерлердің құқықтарын қорғауға үлкен септігін тигізетінін атап өтті.
-
Фото
-