ЕҢБЕК АДАМЫ
Еңбек пен шығармашылықты ұштастыра білген ұстаздардың бірі – Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәні мұғалімі Ешмұханов Қазыбай Дүйсенбайұлы.
Қазыбай Ешмұханов 1970 жылы 13 қарашада Шалқар қаласында дүниеге келген. 1977 жылы №1 қазақ орта мектебіне қабылданып, 1987 жылы он жылдық білімін тәмамдады. Сол жылы Ақтөбе педагогикалық институтының Еңбекке баулу және жалпы техникалық пәндер факультетіне оқуға түсіп, 1989–1991 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеді. 1994 жылы Қ.Жұбанов атындағы институтты бітіріп, еңбекке баулу және жалпы техникалық пәндер мұғалімі мамандығын иеленді.
Еңбек жолын 1994 жылы Шалқар қаласындағы №1 орта мектепте бастаған ұстаз 2009 жылдан бері №8 мектепте жемісті еңбек етіп келеді. Бүгінде оның ұстаздық тәжірибесі 32 жылға жетті. Осы уақыт ішінде ол саналы ұрпақ тәрбиелеп, шәкірттерінің қабілетін ашуға елеулі үлес қосты.
Ұстаз еңбегінің айқын көрінісі – шәкірт жетістігі. Қазыбай Ешмұхановтың оқушылары республикалық және халықаралық байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. «Daryndy zhas» орталығы ұйымдастырған республикалық байқауда сәндік-қолданбалы өнер бойынша, сондай-ақ Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы өткізген «Жас ғалым» байқауында зергерлік өнер бағыты бойынша жүлделі орындарға ие болды.
Ешмұханов Қазыбай Дүйсенбайұлының кәсіби еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. 2024 жылы ол Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатына және облыстық кәсіподақ ұйымының ақшалай сыйлығына ие болды. 2025 жылы облыстық пәндік олимпиадада ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ұстаз сабақ барысында заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолданып, теорияны тәжірибемен ұштастыра біледі. Қолөнер, ағаш және металл өңдеу, ұлттық бұйымдар жасау бағытында оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға баулиды.
Жауапкершілігі жоғары, талапшыл әрі адамгершілігі мол Қазыбай Дүйсенбайұлы оқушылар мен әріптестері арасында зор сый-құрметке ие. Өз ісіне адалдық пен еңбекті өмірлік ұстанымына айналдырған ұстаз – нағыз еңбек адамы, ұрпаққа үлгі болар тұлға.