ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨНЕГЕЛІ ӨМІР
Әбділдина Марал Маратқызы еңбек жолын Егіндібұлақ ауылындағы №17 кәсіптік мектептен бастаған. Уақыт өте келе бұл мекеме бірнеше рет атауын өзгертіп, бүгінде Егіндібұлақ ауылының оқушылар орталығы болып құрылып, осы мекемеде қызметін жалғастыруда. Марал Маратқызы сол білім ордасымен тағдырын үзбей байланыстырып, тұрақты түрде еңбек етіп келеді.
2006 жылдан бастап кіші қамту қызметкері ретінде жұмыс атқарып, жиырма жылға жуық уақыт бойы еден жуушы қызметін абыроймен атқаруда. Күнделікті көзге көп байқала бермейтін, бірақ мекеменің тазалығы мен жайлылығы үшін аса маңызды еңбекті ол әрдайым үлкен жауапкершілікпен орындайды. Ұқыптылығы, тазалыққа деген талапшылдығы, еңбекке деген адалдығы – әріптестеріне үлгі.
Сұлу да сымбатты, мінезі жайдары, ұжым ішінде сыйлы, кішіпейіл, еңбекқор жан ретінде танылған. Ол әрдайым өзіне жүктелген міндетті уақытында, сапалы жасап, ұжымда өз үлесін қосып келеді.
Отбасында аяулы жар, ардақты анна болған Марал Маратқызы екі ұлды тәрбиелеп, өсіріп, оларды өмір жолына қадам бастырған. Бүгінде немере сүйіп отырған бақытты әже. Ауылдың қарапайым, еңбекқор отбасынан шыққан ол нағыз қазақ әйеліне тән төзімділік пен сабырдың, еңбек пен адамгершіліктің айқын үлгісі.
Марал Маратқызының өмір жолы адал еңбекпен абыройға жетудің, қарапайым қызметтің өзінен үлкен мән мен мағына таба білудің жарқынк өрінісі. Оның еңбегі – құрметке, ал өзі – ізетке лайық тұлға.
Қарағанды облыстық ұйымы