ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз – білімнің шамшырағы, ал нағыз ұстаз – өз еңбегімен шәкіртінің болашағын қалыптастыратын тұлға. Осындай мәртебелі мамандықтың биік үлгісін көрсетіп жүрген жандардың бірі – Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының химия пәнінің мұғалімі Мария Хаджимұратқызы Өтешева.
Мария Өтешева 1963 жылдың 23 сәуірінде Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Бадамша ауылында дүниеге келген. 1991 жылдан бері туған ауылындағы білім ордасында үздіксіз қызмет етіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді. Ұстаздық жолды өмірлік мақсатына айналдырған ол – өз ісіне бар ынта-жігерін, білімін және шығармашылығын арнаған еңбек адамы.
Мария Өтешева жұмысына адал, жауапкершілігі жоғары, талапшыл ұстаздардың қатарында. Оның сабақтары тек білім берумен шектелмей, оқушыларға оқу қуанышын сыйлайтын, ойлануға, ізденуге жетелейтін мазмұнға ие. Ұстаз шәкірттеріне химия ғылымының заңдылықтарын ғана емес, өмірде дұрыс бағыт таба білуді де үйретеді.
Еңбектің нәтижесі – жетістік. Өтешева Мария Хаджимұратқызының шәкірттері түрлі деңгейдегі білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Атап айтқанда, ауыл мектептерінің 9–11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде химия пәні бойынша 10-сынып оқушысы Әлібек Қазмағамбетов 2023 жылы II орын, 2024 жылы II орын иеленсе, 2024 жылы республикалық олимпиадада III орынға қол жеткізді. Сондай-ақ 2025 жылы 8-сынып оқушысы Нұрали Айтпаев облыстық кезеңнің жүлдегері атанды. Бұл – ұстаз еңбегінің айқын дәлелі.
Өтешева Мария Хаджимұратқызы – өз кәсібіне адал, білім мен тәрбиені қатар ұстанған, ауыл мектебінің абыройын асқақтатып жүрген нағыз еңбек адамы. Оның тынымсыз еңбегі мен шәкірттерінің жетістігі – қоғам үшін өлшеусіз құндылық.