ЖАЛАҒАШТА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Қызылордада Жалағаш аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.
Күн тәртібінде Кәсіподақтар федерациясының халыққа арналған үндеуі қаралды. Атап айтқанда, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мазмұны, оның әлеуметтік мемлекет қағидаттарын нығайтудағы рөлі және еңбек адамының құқықтарын қорғауға бағытталған нормалары кеңінен сөз болды.
Дөңгелек үстелге білім беру ұйымдарының өкілдері, кәсіподақ ұйымның төрағалары мен белсенділер және тарих, құқық пәндерінің ұстаздары қатысып, Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың маңызы кеңінен талқыланды.
Отырысты Жалағаш аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлзат Ердәулетқызы жүргізіп, Конституция – қоғам дамуының стратегиялық бағдары екенін атап өтіп, енгізілген өзгерістердің әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, еңбек адамының құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын айтты.
Талқылау барысында қатысушылар Конституциялық реформалардың тәжірибелік қолданысы, жергілікті деңгейде құқықтық нормаларды іске асыру тетіктері және кәсіподақ ұйымдарының түсіндіру жұмыстарындағы рөліне ерекше назар аударды.
Дөңгелек үстел қорытындысында құқықтық сауаттылықты арттыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу және кәсіподақ мүшелерінің азаматтық белсенділігін күшейту бойынша бірқатар ұсыныстар ортаға салынды.