ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына арналған онлайн жиын өтті. Оған кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен аппарат қызметкерлері қатысты.
Жиында Конституция жобасының мазмұны, әлеуметтік бағыттылығы, ұсынылып отырған өзгерістердің ел дамуына, білім мен ғылым саласына, сондай-ақ еңбек құқықтарын қорғауға ықпалы жан-жақты талқыланды.
Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова конституциялық реформалардың маңыздылығына тоқталып, жаңа Конституция жобасының еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға, қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Жиында Кәсіподақтар федерациясының Конституциялық реформаны қолдау жөніндегі үндеуі де назарға алынды. Онда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек заңнамасын қатаң сақтау, әлеуметтік әріптестікті нығайту және еңбек адамын жан-жақты қолдау мәселелері қамтылған.
Айта кетейік, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жобадағы өзгерістердің жұмысшының мойнына ауыртпалық салу емес, мүдделердің әділ тепе-теңдігі мен мемлекет, бизнес және еңбек арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өткен болатын. Ол мемлекеттің осы үдерісте белсенді тарап болып, адамдардың өмір сүру жағдайына жауапкершілік алатынын, ал еңбек адамы үшін бұл ертеңгі күнге сеніммен қарау, өзгерістен қорықпай, алға ұмтылу дегенді білдіретінін түсіндірді.
Сонымен қатар, Федерация төрағасының айтуынша, қоғамдық қатысу институттары мен Халық кеңесі арқылы билік пен нақты өмір арасындағы жаңа арна ашылады. Алғаш рет бұл деңгей конституциялық тұрғыда бекітілді. Бұл наразылық немесе кездейсоқ толқулар арқылы емес, жүйелі диалог арқылы жұмыс істейтін тетік. Егер норма дұрыс іске асса, еңбек жағдайы, еңбек қауіпсіздігі, жұмыспен қамту және табыс мәселелері тұрақты түрде күн тәртібінде болады. Жоба болашаққа нақты бағдар береді. Цифрландыру, жаңа технология және жасанды интеллект адамды қысқартудың немесе құқығын әлсіретудің себебі болмауы тиіс. Экономика ілгерілесе, адамды қорғау да соған сай күшеюі қажет.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының жарлығымен Конституциялық комиссияның құрамы бекітіліп, комиссияға 130 адам кірген болатын. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, ұлттық құрылтай мүшелері, танымал конституциялық құқық мамандары, бизнес және корпоративтік сектор өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау саласының өкілдері, сарапшылар, медиа қызметкерлері, ғылыми және мәдени қауым өкілдері, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметшілер бар.
Бүгінгі басқосуда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, PhD Жандарбек Иманчиев Конституция жобасының еңбек ұжымдарының белсенділігін арттыруға және қызметкерлердің қоғамдық үдерістерге қатысуына мүмкіндік беретінін айтты.
Өз кезегінде Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Мұрат Жамаладин жаңа Конституция жобасының жариялануы – халықтың мемлекет басқару ісіне белсенді қатысуына жол ашатын тарихи қадам екенін атап өтті. Ол жобаның білім, ғылым және инновацияға негізделген жаңа Қазақстанды құруға бағытталғанын, кәсіподақ мүшелерінің өз азаматтық ұстанымдарын танытып, қолдау көрсететініне сенім білдірді.
Жиын барысында кәсіподақ ұйымдарының алдағы кезеңдегі негізгі міндеттері айқындалып, Конституция жобасын еңбек ұжымдары арасында кеңінен насихаттау, құқықтық ағартушылық жұмыстарын күшейту және кәсіподақ мүшелерінің ұсыныстарын жүйелеу мәселелері талқыланды.
Талқылау қорытындысында облыстық ұйым төрағасы Раушан Серікова Конституцияға енгізілетін өзгерістер білім саласының дамуына тың серпін беретінін атап өтіп, әріптестерін бұл бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
-
Фото
-