БІЛІМ МЕН МЕЙІРІМНІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ
Рымтаева Айгүл Абдуахитқызы - Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылындағы Қажыкен Смайылов атындағы №43 ЖББ тірек мектебі (РО) жанындағы интернатында 1982 жылдан бастап бастауыш сынып мұғалімі болып үздіксіз еңбек етіп келе жатқан, өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, шәкірт жүрегіне жол таба білген білікті ұстаз.
Айгүл Абдуахитқызы-оқушыларымен үнемі ынтымақтастық жағдайда жұмыс істеуге дағдыланған білікті ұстаз, білгір маман. Әр шәкірттің мінез-құлқын, әдет-машығын жақсы біледі, сабақ барысында бүлдіршіндердің көркем әрі сауатты жазуына басты назар аударады.
Білікті ұстаздың көптеген шәкірттерінің сөз өнеріне деген сүйіспеншілігі өте жоғары. Ұстаздың еңбегі мен кәсіби шеберлігі бірқатар марапаттармен жоғары бағаланған.
Сондай-ақ, 2022 жылы облыстық бастауыш сыныптар аралығында өткен халықаралақ «Мен зерттеушімін» конкурсында шәкірті ІІ дәрежелі дипломмен, облыстық «Зерде» конкурсында 2 оқушысы ІІІ дәрежелі дипломмен, облыстық «Ең үздік баяндама» номинациясы бойынша Алғыс хатпен, облыстық «Зейін» жобасы аясында өткен бастауыш сынып мұғалімдерінің «Сабақ процесінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту» тақырыбында аудандық «Шеберлік сабақтар» шарасына белсене қатысқаны үшін Аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ұстаз тағылымын алған 4 шәкірті «алтын белгі» иегері, 2 шәкірті «Үздік аттестат» иегерлері болып, Астана, Қарағанды қалаларында ЖОО студенттері. Ұстаз алдынан өткен дарынды, талантты шәкірттері еліміздің алуан саласында елге адал да абыройлы қызмет атқарып жүр.
Ұстаздық жол – үлкен төзімді, қажырлы еңбек пен тынымсыз ізденісті таба білетін қасиетті мамандық. Айгүл Абдуахитқызының еңбегі шәкірттерінің жетістігімен, ата-аналардың ақ ниетті алғысымен бағаланып келеді. Ол - білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, әрбір шәкіртінің болашағына жанашырлықпен қарайтын, ұстаздық қызметті өмірлік парызына айналдырған жан.
Үнсіз еңбек етіп, ұлт болашағын тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып жүрген нағыз еңбек адамы. Сонымен қатар, ұстаздық пен отбасылық өмірді үйлестіре білген қамқор ана, мейірімді әже ретінде де көпке үлгі.