ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАҒАН ҰСТАЗ
Ұлт болашағын тәрбиелейтін, қоғам дамуына өлшеусіз үлес қосатын ардақты мамандық ұстаздық болса, осы жолды өмірлік мұратына айналдырып, білім беру саласына саналы ғұмырын арнаған жанның бірі - Мансуров Шәкірт Шайсламұлы.
Шәкірт Шайсламұлы 1956 жылы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданында дүниеге келген. Орта мектептен кейін «Тараз» институтының «Кәсіптік оқыту пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастап, 40 жыл бойы білім саласында табанды еңбек етті. Аудандағы Болтай батыр атындағы орта мектебінде технология пәнінің мұғалімі ретінде жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беріп, кәсібилік танытты. Өз ісіне адалдығы, терең білімі мен ізденімпаздығы оны мектеп ұжымы мен оқушылар арасында беделді ұстаз ретінде танытты. Бүгінде оның шәкірттері түрлі салада абыройлы еңбек етіп, ел дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Шәкірт Шайсламұлы ұстаздық қызметпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ол 36 жыл бойы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін абыроймен атқарып, ұжым мүшелерінің құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғауға зор үлес қосты. Әріптестерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы еңбегі әрдайым жоғары бағаланды.
Ұзақ жылғы адал еңбегі лайықты бағаланып, 2018 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталса, 2019 жылы «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медаліне ие болды. 2024 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Бүгінде зейнеткерлік демалыста болғанымен Шәкірт Шайсламұлының өнегелі өмір жолы, ұстаздық ұстанымы мен қоғамдық белсенділігі кейінгі буынға үлгі болып отыр.
Жамбыл облыстық ұйымы