БАСТАУЫШ ҰЙЫМДАРМЕН БЕРІК БАЙЛАНЫС
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Біріккен комитеті филиалының құрамында 44 бастауыш ұйым болса, ондағы мүшелер саны 4000-ға жуық. Жыл басынан бері филиал төрағасы Жанболат Орынбеков пен құқықтық еңбек инспекторы Абзал Сейтқадыр «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында бірқатар бастауыш ұйымдарда болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Бұл кездесулердің негізгі мақсаты - кәсіподақ мүшелерінің жағдайын анықтап, өзекті мәселелерді талқылау болды.
Кездесулерде Филиал төрағасы Жанболат Орынбеков әлеуметтік әріптестік аясында облыс әкімдігінің білім басқармасымен 2024-2026 жылдарға қабылданған Ұжымдық шарт нормаларымен көзделген тараптардың кепілдіктері мен міндеттерінің орындалуы және кәсіподақ мүшелерінің құқықтарының қорғалуы жағдайларына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, жұмысшы мамандықтары жылы аясында бекітілген жол картасында көзделген жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бойынша жүргізілген қызмет барысына да тоқталып өтті.
- Біз білім беру мекемелерінде еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету арқылы кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, адам құқығын кемсітушілікке жол бермеу және жұмысшылардың барлық санаттары үшін тең мүмкіндіктер жасау, еңбек жағдайларын жақсарту, жұмыс орнында қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету бағытында бірқатар іс-шаралар атқардық. Ұжымдық еңбек қатынастарында туындауы мүмкін мәселелерді алдын-ала шешуге мән бердік, өз мүмкіндіктеріміздің шеңберінде әрбір ұйымның өзекті мәселелеріне терең үңіліп, ұжымдармен ашық диалог орнатуды мақсат еттік, - деді Жанболат Тұңғышбекұлы.
Кездесулердің маңызды бөлігі ұжымдық шартта көзделген міндеттемелердің орындалуын бақылау және кәсіподақ мүшелерінің өз құқықтарын толыққанды пайдалануын қамтамасыз ету мәселелері болды. Бұл жөнінде құқықтық еңбек инспекторы Абзал Сейтқадыр заңнама талаптарының сақталуына, еңбек қауіпсіздігіне және әлеуметтік кепілдіктердің берілуіне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Жиын соңында Жанболат Орынбеков педагогтер мен қызметкерлердің жұмыс уақыты, олардың жүктемесі, қысқартылған жұмыс уақыты, айлық еңбек ақысы, қосымша еңбек ақылар мен төлемдер туралы түскен сұрақтарға мысалдар келтіре отырып жауап қайтарды. Сондай-ақ, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа берілген жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер аясында түсінік беріп өтті.
Бір айдан аса уақытқа созылған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы кездесулер кәсіподақ пен еңбек ұжымдары арасындағы байланысты нығайтып, өзара сенім мен кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыра түсті. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фото
-