МҰҒАЛІМДЕР АРАСЫНДА ВОЛЕЙБОЛДАН ЖАРЫС
Жетісу облыстық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және ұстаздар қауымының бірлігін нығайту мақсатында волейболдан облыстық жарыс ұйымдастырылды.
Аталған спорттық шара Талдықорған сервис және технологиялық колледжінің базасында ұйымдастырылып, оған 15 команда қатысты.
Шараның ашылу салтанатында Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов сөз сөйледі. Ұжымдық рухты қалыптастыруға және әріптестер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жарыстың мәні мен мағынасын ашып берді.
Жарыс барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдық пен шеберлікті көрсетіп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын айқындады.
Спортты дамыту және бұқаралық – спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы Талдықорған қалалық филиалы ұйымдастырған жарыстың қорытындысы бойынша І орынды Көксу ауылшаруашылық колледжі, ІІ орынды Ақсу агротехникалық колледжі, ІІІ Талдықорған сервис және технологиялар колледжі иеленді.
Жарыс қатысушылары арасында «Үздік шабылушы», «Үздік ардагер», «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы» номинациялары бойынша жақсы ойынды көрсеткен ойыншылар анықталды.
Шараға қолдау танытып, демеулік көрсеткен Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының тарапынан жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Жетісу облыстық ұйымының баспасөз қызметі