БІЛІМ МЕН БІРЛІК ТОҒЫСҚАН ЖАСТАР САЙЫСЫ
Ақтөбе облыстық ұйымы Қарғалы аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесінің бастамасымен «QuizTime» зияткерлік ойын өтті.
Іс-шараның басты мақсаты — жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыру, ой-өрісін кеңейту және ұйымшылдыққа баулу. Бұл бастама аудан жастарының білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық және логикалық қабілеттерін дамытуға бағытталды.
Зияткерлік сайысқа аудан мектептерінен 8 команда қатысып, білімдері мен тапқырлықтарын сынға салды. Қатысушылар өзара ынтымақтастық пен бірліктің үлгісін көрсетіп, әр кезеңде жоғары белсенділік танытты.
Ойын бірнеше кезеңнен тұрды. Логикалық сұрақтар, түрлі бағыттағы тапсырмалар мен ойландыратын жағдаяттар арқылы командалар жан-жақты дайындықтарын байқатты. Сайыс барысында жылдамдық, ұшқыр ой, тапқырлық пен командалық рух айқын көрінді.
Ойын қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталып, аудандық кәсіподақ ұйымының арнайы сыйлықтарына ие болды.
Мазмұнды шара жастардың білімге деген құштарлығын арттырып, олардың өзара тәжірибе алмасуына және достық қарым-қатынасының нығаюына ықпал етті. «QuizTime» зияткерлік ойыны – білім мен белсенділікті ұштастырған жарқын бастама ретінде есте қалды.
-
Фото
-