ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНДАҒЫ ЖАҢА ТАЛАПТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ағымдағы жылдың 17 ақпанында Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп-гимназиясы базасында Түркістан облыстық ұйымы Кентау қалалық кәсіподақ комитеті мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бірлескен семинар-кеңесі өткізілді. Іс-шара жұмыскерлердің құқықтары мен еңбек қатынастарындағы жаңалықтарды талқылауға, сондай-ақ Конституциялық реформаның еңбек саласына әсерін түсіндіруге бағытталған.
Семинар-кеңестің негізгі мақсаты – жаңа Конституциялық жобасы аясындағы еңбек қатынастарындағы жаңа талаптарды түсіндіру, еңбек саласындағы құқықтық қатынастарды жаңғырту, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды күшейту және әлеуметтік әріптестікті дамыту болды.
Іс-шараға Департамент басшысы Әліш Амангелды Салхудинұлы, Департаменттің Еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы – мемлекеттік еңбек инспекторы Сапарқұлов Ғалымжан Сейдуәліұлы, білім беру ұйымдарының басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары және кәсіподақ мүшелері қатысты.
Департамент басшысы Амангелді Салхудинұлы жаңа Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын атап өтіп, жаңартылған Конституцияда еңбек ету еркіндігі, қауіпсіз еңбек жағдайлары және әділ еңбекақы алуды қамтамасыз ететін мемлекеттік кепілдіктер мен міндеттемелерге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, ол Конституциялық реформаның еңбек саласын жаңғыртуға және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды жоба екенін атап өтті.
Семинар барысында Департамент бөлім басшысы Сапарқұлов Ғалымжан Сейдуәліұлы еңбек қатынастарындағы жаңа талаптарға шолу жасап, білім беру ұйымдарында Еңбек кодексінің заңнамалық талаптарының орындалуы, еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау шаралары және ұжымдық шарттардың маңыздылығын түсіндірді.
Кездесу барысында департамент өкілдері қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауап беріп, ұсыныс-пікірлермен бөлісті. Бұл іс-шара қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және еңбек қатынастарындағы жаңалықтарды дұрыс түсінуге септігін тигізді.
Семинар соңында Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы Таукеева Манат Пазилбекқызы семинардың маңыздылығын атап өтіп, жаңа Конституциялық реформаның еңбек қатынастарына енгізген өзгерістері мен талаптарын жан-жақты түсіндіру арқылы жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды күшейтудің ерекше маңыздылығын айтты. Сонымен қатар, ол білім беру ұйымдары мен кәсіподақ мүшелеріне құқықтық сауаттылықты арттыруға, ұжымдық шарттарды тиімді қолдануға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталған белсенді жұмыс жүргізуге шақырды.